Қазақстан мен Малайзия арасындағы инвестициялық байланыстар жаңа деңгейге көтеріліп жатыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы «24KZ» телеарнасына сілтеме жасап.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша еліміздің экономикасына Малайзиядан шамамен 50 млн доллар тікелей инвестиция тартылды. Қазіргі таңда екі мемлекет өнеркәсіп, энергетика, агросектор, фармацевтика, көлік және металлургия салаларында бірнеше ірі жобаны бірлесіп бастады. Жалпы алғанда, бүгінде құны 630 млн доллардан асатын 17 бірлескен инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.
Ынтымақтастықтың ең басым бағыттарының бірі – электромобиль шығаратын зауыт құрылысы. Ерекше атап өтерлігі, өндірісті қазақстандық брендпен ашу жоспарланған. Kazakh Invest мамандарының пікірінше, бұл жоба отандық автоөнеркәсіпке серпін беріп, жеке ұлттық көлік маркасын қалыптастыруға негіз болады.
Оң өзгерістерді «НК «Kazakh Invest» АҚ Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі өңірлік өкілі Диана Аблякимова түсіндіріп берді. Оның айтуынша, малайзиялық инвесторлардың белсенділігіне екі ел арасындағы ашық диалог пен логистикалық жеңілдіктер тікелей әсер еткен.
«Өткен жылдың қаңтар-қазан айларында тауар айналымы 15 пайызға артып, 166 млн долларды құрады. Куала-Лумпурдан Алматыға тікелей әуе рейстерінің ашылуы, сондай-ақ Малайзия Премьер-министрі Анвар Ибрагимнің Қазақстанға жасаған ресми сапарынан кейін біз малайзиялық бизнестің сауда-экономикалық ынтымақтастыққа деген жоғары қызығушылығын байқап отырмыз», – дейді Диана Аблякимова.
Инвестициялық ынтымақтастықтың нығаюы тек қаржы ағынын ғана емес, сонымен қатар жаңа технологиялардың келуін және жаңа жұмыс орындарының ашылуын қамтамасыз етеді. Малайзия тәжірибесі, әсіресе жоғары технологиялық өндіріс саласында, Қазақстан үшін маңызды саналады. Бұл бағыттағы жұмыстар екі елдің экономикалық әлеуетін арттыруға жаңа серпін бермек.





