Қар барысын қорғау мақсатында оған спутниктік қарғыбау тағылды. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.
Жақында Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында, Үлкен Алматы шатқалында, тасжолға жақын маңда қар барысы марал аулап жүрген кезде байқалған. Аталған аумақ демалушылар жиі келетін орын болғандықтан, жыртқыштың жемтігін жеп жатқан сәтін адамдар көріп қалған. Ақпарат әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, келесі күні бұл жерге келушілер саны күрт артқан.
Комитеттің мәліметінше, ұлттық парк қызметкерлері мен ғалымдар түсіндіру жұмыстарын жүргізгеніне қарамастан, кейбір келушілер жабайы аңға тым жақын жерден дрон ұшырып, ерекше қорғалатын табиғи аумақтағы қауіпсіздік талаптарын бұзған.
«Көпшілік оның Қазақстанның Қызыл кітабына енген сирек кездесетін әрі қауіпті жыртқыш екенін ескермеді. Мұндай әрекеттер жануарға айтарлықтай күйзеліс тудырып, адамдардың өзіне де қауіп төндірді», – делінген комитет хабарламасында.
Осы жағдайларға байланысты мамандар қар барысын уақытша аулау туралы шешім қабылдаған. Жануарға спутниктік қарғыбау тағылып, денсаулығын бағалау мақсатында биоматериалдар алынған.
Мамандардың айтуынша, барлық процедура қысқа мерзімді наркоз арқылы, халықаралық ветеринариялық және этикалық талаптарды қатаң сақтай отырып жүргізілген. Тағылған қарғыбау төтенше жағдай туындаған жағдайда қашықтан ажырату функциясымен жабдықталған. Сонымен қатар, бір-екі жыл ішінде құрылғы жануардан өздігінен ажырайды.
Зертханалық талдау нәтижелері қар барысының толықтай сау екенін және қандай да бір ауру белгілері анықталмағанын көрсетті.








