Қазақстанның майлы-тоңмай өнеркәсібі қарқынды дамып келеді. Бұған майлы дақылдардың егіс алқаптарының кеңеюі, қайта өңдеу көлемінің артуы және экспорттық әлеуеттің күшеюі ықпал етуде, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
2025 жылы майлы дақылдар егілген алқаптар 3,9 млн гектарға жетті. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 37,7%-ға немесе 1,1 млн гектарға артық. Оның ішінде күнбағыс егіс алқабы 38,4%-ға, яғни 491,1 мың гектарға ұлғайды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, майлы дақылдардың негізгі егіс алқаптары Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында орналасқан.
Өңірлер әкімдіктерінің дерегіне сәйкес, 2025 жылы 4,8 млн тонна майлы дақыл жиналған. Бұл 2024 жылғы 3,3 млн тоннамен салыстырғанда айтарлықтай көп. Оның ішінде күнбағыс өнімі 2,3 млн тоннаны құрады (2024 жылы – 1,8 млн тонна).
Қайта өңдеу кәсіпорындарының жалпы өндірістік қуаттылығы жылына 5 млн тоннадан асады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 888,8 мың тонна өсімдік майы өндіріліп, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 17,4%-ға артты. Күнбағыс майының өндірісі 757,2 мың тоннаға жетіп, бір жыл ішінде 17,5%-ға өскен.
2025 жылдың 11 айында өсімдік майларының экспорты 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34,6%-ға артты. Негізгі экспорттық бағыттар қатарында Өзбекстан (жалпы көлемнің 46%), Қытай Халық Республикасы (33,7%), Тәжікстан (13,1%), Ауғанстан (4,3%), Түрікменстан (1,8%) және басқа елдер бар.
Қазіргі таңда Қазақстан күнбағыс майын экспорттаушы әлемдік ТОП-10 елдің ішінде 8-орында тұр. Сонымен қатар Еуропалық одақ елдеріне күнбағыс шротын экспорттаушы ТОП-3 мемлекеттің қатарына кіреді.
Шикізат базасын кеңейту және өнімнің қосылған құнын арттыру мақсатында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында майлы дақылдардың егіс алқаптарын одан әрі ұлғайту көзделген.
2023 жылғы 1 ақпаннан бастап күнбағысты экспорттауға 20% мөлшерінде, бірақ бір тоннасы кемінде 100 еуро болатын экспорттық кедендік баж салығы енгізілді. Сонымен қатар экспорттық әлеуетті арттыру үшін Қытаймен майлы дақылдарды қайта өңдеу өнімдерін жеткізуге қатысты санитарлық және фитосанитарлық талаптар жөніндегі хаттамаларға қол қойылды.
Агроөнеркәсіптік кешенді қолдау бағдарламалары аясында қайта өңдеу кәсіпорындарына айналым қаражатын толықтыру үшін жеңілдетілген несиелер ұсынылып отыр. Сондай-ақ қосылған құн салығының мөлшерлемесі 80%-ға төмендетілді.
Қабылданған мемлекеттік қолдау шаралары майлы-тоңмай саласының одан әрі дамуына, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және оны сыртқы нарықтарға ілгерілетуге оң ықпал етуде.





