Алматының әл-Фараби даңғылында жаппай жол-көлік оқиғасы орын алды. Көлік тізгінінде отырған такси жүргізушісінің денсаулығы кенеттен нашарлап, бірнеше көлікпен соқтығысқан. Ол дәрігерлер жеткенше оқиға орнында тіл тартпай кетті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Полицияның мәліметінше, такси жүргізушісі денсаулығының күрт нашарлауына байланысты көлік тізгініне ие бола алмай қалған. Соның салдарынан көлік қатты жылдамдықпен өзімен бағыттас келе жатқан төрт жеңіл автокөлік пен автобусқа соғылды. Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, алдын ала болжам бойынша, 50-55 жастағы жүргізуші жедел жүрек жеткіліксіздігінен қайтыс болған.
Оқиға куәгерлері жол апатының қалай болғанын айтып берді. Алдымен жеңіл көлікке соғылған такси тоқтамай, жолындағы өзге көліктерді бірінен соң бірін зақымдап, ең соңында ішінде жолаушылары бар автобусқа барып соғылған. Көлік аялдама бағытына қарай ұшып кеткенімен, биік жиектастың арқасында адамдар тұрған жерге жетпеген.
Абырой болғанда, бұл жол апатынан өзге зардап шеккендер жоқ. Жедел жәрдем қызметі келгенше такси жүргізушісі өмірмен қоштасқан. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.




