Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен баспасөз жиынында Жетісу облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Дархан Абильбаев өңірдегі ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, соңғы жылдары жүйелі алдын алу шараларының нәтижесінде аса қауіпті жұқпалы аурулар айтарлықтай төмендеген.
Спикердің мәліметінше, 2025 жылы облыс аумағында ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстар арасында тіркелуі мүмкін аса қауіпті жұқпалы аурулардың 14 түрі бойынша алдын алу іс-шаралары толық көлемде орындалған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда оң серпінді аңғартады.
– Жоспарланған барлық профилактикалық жұмыстар уақтылы атқарылып, қамту деңгейі 100 пайызға жетті, – деді ол.
Диагностикалық зерттеулер нәтижесіне де арнайы тоқталған Дархан Қуатұлы бруцеллез деректерінің едәуір азайғанын атап өтті. Аталған ауру ірі қара мен ұсақ мүйізді мал арасында бұрынғы жылдармен салыстырғанда бірнеше есе төмендеген.
– Бұл – жүйелі бақылау, уақтылы зерттеу мен ветеринариялық қадағалаудың нақты нәтижесі, – деді спикер. Оның айтуынша, қазіргі таңда облыс аумағында жануарлардың аса қауіпті аурулары бойынша небәрі бір ғана қолайсыз ошақ тіркеліп отыр. Ал өткен жылы мұндай ошақтар саны бірнеше есе көп болған.
Сонымен қатар, ветеринария саласындағы өзекті мәселелердің бірі – жануарларды бірдейлендіру жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Маманның айтуынша, өңірде ауыл шаруашылығы жануарларын есепке алу және деректер қорын жаңарту тұрақты жүргізіліп келеді.
– Бірдейлендіру – аурудың алдын алу мен бақылауды күшейтудің маңызды тетігі. Соның арқасында төл алу көрсеткіштері де жоспардан асып, кей түлік түрлері бойынша 100 пайыздан жоғары орындалды, – дейді.
Жиында өңір аумағындағы сібір жарасы көмінділерінің жағдайы да сөз болды. Дархан Абильбаевтың айтуынша, барлық көмінділер қоршалып, ескерту белгілері орнатылған. Қазіргі таңда олардың бір бөлігі заманауи талапқа сай жаңартылып, қалған жұмыстар белгіленген мерзімде аяқталады.
Баяндамашы ветеринариялық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарының да кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын айтты. Өңірде жаңа ветеринариялық пункттер мен станциялар салынып, материалдық-техникалық база күшейтілуде. Сонымен бірге, мал қорымдары мен сою алаңдарының жағдайын жақсарту, қолданыстағы нысандарды қоршаумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Инфрақұрылым неғұрлым мықты болса, ветеринариялық қауіпсіздік те соғұрлым сенімді болады, – деді Дархан Қуатұлы.
Жетісу өңірінде ветеринария саласының алдын алу бағытына бет бұрғанын аңғартады. Аурудың азаюы, есептің нақтылануы мен инфрақұрылымның жаңаруы – осының айқын дәлелі.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





