«Қазгидромет» синоптиктері 10, 11 және 12 ақпанға арналған ауа райы болжамын жариялады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мамандардың мәліметінше, Қазақстанның басым бөлігінде батыстан келетін циклон мен атмосфералық фронттардың әсерінен жауын-шашын күтіледі.
10-11 ақпан күндері елдің солтүстігінде, солтүстік-батысында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында және орталық өңірлерінде, ал 11 ақпанда шығыс аймақтарда қатты жауын-шашын жаууы мүмкін. Республика аумағында көктайғақ, боран және екпінді жел болжанып отыр.
Температура қалай өзгереді?
Батыс антициклонының ықпалы күшейіп, жауын-шашын тоқтап, ауа температурасы төмендейді деп күтіледі:
- Солтүстік, солтүстік-батыс және орталықта түнде –22…–30°С, күндіз –15…–20°С дейін төмендейді;
- Шығыста түнде –13…–23°С, күндіз –12…–20°С;
- Оңтүстікте түнде –10…–20°С, күндіз –5°С-тан +5°С-қа дейін.
Айта кетейік, бұған дейін синоптиктер Қазақстан бойынша ақпан айына арналған жаңартылған болжамды ұсынған болатын. Мамандардың айтуынша, ақпан айы әдеттегіден жылырақ болады, ал жауын-шашын мөлшері климаттық норма шегінде сақталады. Ел аумағының басым бөлігінде орташа ауа температурасы климаттық көрсеткіштен 1-2 градусқа жоғары болады деп күтіледі.




