Мемлекеттік тіл курсының оқытушысы ретінде маған жиі қойылатын сұрақ: «Қазақ тілін тез үйрену мүмкін бе?» Әрине, мүмкін. Әсіресе, қазіргідей жасанды интеллект заманында тіл үйрену мен үйрету форматы түбегейлі өзгерген. Мен сабағыма бұл технологияны берер пайдасы мол болғандықтан қолданамын.
Шыны керек, бұрын бір сабаққа дайындалу үшін бірнеше оқулықты ақтарып, деңгейлік тапсырмаларды өз қолымызбен құрастыратынбыз. Қазір жағдай басқаша. Жасанды интеллект – менің жеке әдіскерім сияқты. Онымен жұмыс істеу үшін арнайы бағдарламалау тілін білудің қажеті жоқ, тек «промпт» деп аталатын дұрыс сұраныс бере білсеңіз жеткілікті. Өз тәжірибемде оқу процесін жеңілдететін бірнеше нақты құралды қолданамын. Бұл құралдарға «Қазақ тілін үйреніп жүргендер үшін «Кеңседегі жұмыс күні» тақырыбына диалог құрастырып бер» деген тапсырма берсеңіз, ол қас-қағым сәтте дайын мәтін ұсынады. Тіпті, сол мәтіннің ішінен жаңа сөздерді бөліп алып, оларға тест сұрақтарын дайындап беруін сұрауға болады.
Сабақта «жайлау», «шаңырақ» немесе «болашақтың қаласы» туралы айтсақ, оны суретпен көрсеткен әлдеқайда тиімді. Canva-дағы ЖИ функциясы арқылы мәтінді жазсаңыз, ол сізге еш жерде қайталанбайтын бірегей сурет салып береді. Бұл оқушының визуалды жадын іске қосады. «DeepL» және «Google Translate» аударма мен талдау сервистері қазақ тілін өте жоғары деңгейде түсінеді. Біз студенттермен бірге ЖИ жасаған аударманың қателерін іздеп, сөйлем құрылымын талдаймыз. «ElevenLabs» немесе «Speechelo» мәтінді табиғи дауыспен дыбыстап береді. Бұл тыңдалым (listening) жаттығуларын жасау үшін таптырмас құрал.
Көптеген әріптесім ЖИ-ден «ол қате жауап берсе қайтемін?» деп қорқады. Бұл жерде басты қағида – бақылау. Біз ЖИ-ге дайын өнім ретінде емес, «шикізат» ретінде қарауымыз керек. Оқытушы ретінде мен оның берген мәтінін сүзгіден өткізіп өңдеймін.
Мемлекеттік тілді оқыту – бұл тек техникалық процесс емес, бұл ұлттық рухты жеткізу. Технология қанша жерден озық болғанымен, ол тілдің нәрін, мақал-мәтелдің астарын мұғалімдей жеткізе алмайды. Бірақ ЖИ-ді сауатты пайдалану арқылы біз қазақ тілін «қиын, ескірген» деген түсініктен арылтып, оны заманауи, цифрлы тілге айналдырудамыз. Біз бұрын «тілді үйрену үшін жылдар керек» десек, бүгін технологияның көмегімен бұл мерзімді бірнеше есе қысқартуға мүмкіндік алдық. Мұғалім ретінде менің басты міндетім – студенттің тек басын ережеге толтыру емес, оның бойында тілді өздігінен үйрену дағдысын қалыптастыру. Ал жасанды интеллект осы жолдағы ең сенімді әрі шаршамайтын серігіміз болмақ.
Мадина АЙТОВА,
облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік
орталығы Сарқан аудандық
филиалының оқытушысы
Лепсі ауылы





