2005 жылы Будапештте өткен сайлауды ұйымдастырушылардың жалпы Конференциясы аясында 5 ақпан – Дүниежүзілік сайлау күні болып белгіленді. Содан бері Қазақстан Республикасы да мүше болып табылатын Еуропа елдерінің сайлауын ұйымдастырушылар қауымдастығының бастамасы бойынша бұл күн жыл сайын ақпан айының бірінші бейсенбісінде сайлау органдарының кәсіби мерекесі ретінде атап өтіледі.
Биыл Дүниежүзілік сайлау күніне 21 жыл
Дүниежүзілік сайлау күнін белгілеу арқылы ұйымдастырушылар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және сайлау үдерістерін жетілдіру мәселесіне халықтың назарын аударуға тырысты. Бұл күнді өткізудің негізгі мақсаты – қоғамның санасында демократияландыру процесінің беріктігін бекіту, сайлау процесіндегі жетістіктер туралы жұртшылықты хабардар ету, жас сайлаушылардың демократиялық құндылықтарға бейімділігін қалыптастыру, сайлаушылардың қатысу белсенділігін арттыру.
Біздің елімізде сайлау Республика азаматының сайлау және сайлану құқығын еркін жүзеге асыруына негізделеді. Азаматтар 18 жасқа толғаннан кейін сайлауға тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне немесе кез келген өзге де мән-жайларға қарамастан дауыс беруге қатыса алады.
Демократиялық сайлаудың маңыздылығын еске түсіру және сайлаушылардың қатысуын арттыруды мақсат еткен мереке аясында облыста іс-шаралар жоспарланып, оның ішінде: бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар, дөңгелек үстелдер, семинарлар, кездесулер, байқаулар өткізіледі.
Әрқашанда алғашқы сияқты сезілетін кез келген сайлауды өткізу өте жауапты міндет. Сайлау алдында біз үлкен дайындық жұмыстарын жүргіземіз, оның ішінде сайлау учаскелерін материалдық-техникалық жарақтандыру, комиссия мүшелерін оқыту, сайлаушыларды хабардар ету және т.б. аса жауапты міндеттер бар.
Жетісу өңірінде қазіргі таңда 623 сайлау комиссиялары құрылған. Оның ішінде 1 облыстық, 10 қалалық және аудандық, 145 округтік және 467 учаскелік комиссия жұмыс істейді. Барлық деңгейдегі комиссияларда 3707 мүше қызмет атқарады. Сайлаушыларды бей-жай қарамауға шақырып, сайлауға қатысуға мотивация мен уақыт тауып, өз елінің болашағын құру жауапкершілігін сезінуі керектігін алға тарту комиссия мүшелерінің басты боорышы. Өйткені еліміз үшін әрбір дауыс маңызды.
Сайлау комиссияларының барлық мүшелерін өткен Дүниежүзілік сайлау күнімен шын жүректен құттықтай отырып, сайлау органдарының қызметінде табыс тілеймін.
Тимур Даутов,
Жетісу облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы





