Биыл Жетісу өңірін 30 жылға жуық басқарған аға сұлтан, қазақ-қырғыз баласы «хан» атаған мәмілегер дипломат, қайраткер, батыр қолбасшы, халқын ауызбіршілік пен ынтымаққа тәрбиелеген дарынды ақын, күйші Тезек төре Нұралыұлы Абылайхановтың туғанына 205 жыл толады. Алтынемел өңірінің тумасы ретінде жас күнімізден Тезек төре, Шоқан Уәлиханов, Көшен төре, Айсара Көшен Төреқызы, Түбек, Сүйінбай, Бақтыбай сияқты тарихи тұлғалар туралы көптеген аңыз-әңгімені естіп өстік. Мектеп қабырғасынан бастап Тезек төре мен Шоқанға деген қызығушылық таныттық. Осы уақытқа дейін Тезек төре туралы «Тезек және Шоқан», «Тезек төре қорымы», «Тезек төре ұлы төре ме, әлде ұры төре ме?», «Тезек және Түбек», «Тезек төренің Париждегі көрмеге жіберген киіз үйі» сынды бірқатар ғылыми-танымдық мақалалар жариялаған едік.
Көріңдер Абылайдың Тезек ханын,
Тезектің бір жағы әкім, бір жағы ақын.
Береке – бірлік пенен ынтымақта,
Бабалардың өсиетін ұстан халқым, – деген жырымен өсиет қалдырған Тезек төре XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ елінің әйгілі тарихи тұлғаларының бірі. Өкінішке қарай, есімі өзінің көзі тірісінде-ақ аңызға айналған Тезек төре туралы ақындар айтысындағы көп жері шындыққа сәйкес келмейтін жазбалардан басқа, кешенді ғылыми-зерттеу тұрғысынан жазылған жұмыс жоқтың қасы. Осы күнге дейін жарық көрген еңбектерге шолу жасасақ, алдымен жазушылар Бексұлтан Нұржекеұлы мен Сәрсенбі Дәуітұлының «Тезек төре – ерек төре» атты шағын кітапшасын, тарихшы-ғалымдарымыз Клара Хафизова мен журналист Ерғали Ахметтің шағын мақалаларын атауға болады. Сондай-ақ, Тезек төренің 200 жылдығына арналған жинақта Дария Қожамжарова, Айгүл Махаева, Нағашыбек Қапалбекұлы, Рашид Оразов, Шәмек Тілеубаев сынды ғалымдардың мақалалары жарияланған. Ең алғаш Тезек төрені тыңғылықты зерттеуге талпынған ақын, публицист Азамат Ақылбеков болды. Ол ондаған жыл ізденуінің нәтижесінде нақты тарихи деректерге сүйене отырып, «Тезек төре» және «Тезек төреге қатысты жыр-айтыстар антологиясы» деген екі кітап жазып шықты.
Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясында (Алматы, 2006 ж.) Тезек төре туралы қысқаша мәлімет берілген. Сұлтанның өмірі мен қызметі, Ресей империясынан алған шен-атақтарымен қатар, 1847 жылы Қытай мемлекетінен де ІІІ дәрежелі «Тәйжи» лауазымы берілгендігі көрсетіледі. Ол басқарған Албан, Суан, кейбір Үйсіннің, Жалайыр, т.б. рулардың Жетісудан бастап, Құлжа қаласына дейінгі алқапты жайлағаны баяндалған. Мұның өзі Тезек төренің тек қазақ даласында ғана емес, Ресей, Қытай сияқты алып империяларға да белгілі ірі саяси қайраткер болғанын білдіреді. Сонымен қатар, қазақ әдебиетінде Тезек төреге байланысты аңыз-әңгімелер, жырлар мен айтыс үлгілері көптеп кездеседі. Тарихи деректерден Тезек төренің жастайынан жақсы білім алғаны, соғыс тәсілдерін меңгеріп, ел басқару ісіне өте ерте араласқаны белгілі. Мысалы, Қытай мемлекетінің жазбаша деректерінде 8-9 жасар Тезек төренің Құлжа қаласына қазақ елшілігінің құрамында келгені туралы жазылған. Оның Жетісу өңіріндегі Ұлы жүз қазақтары мен көршілес қырғыз еліндегі абыройы мен ықпалын ескерген Қытай империясы 1847 жылы «Тайджи» яғни «кіші хан» атағын беріп, өз жағына тартуға күш салды.
1848-1849 жылдары албан, суан елдерінің аға сұлтаны Хәкімбек сұлтан қайтыс болады. Ол сырқатына байланысты өмірінің соңғы жылдары ел басқару ісінен шеттеп, оның орнын Тезек төре басқан еді. Тезек төренің сол уақыттағы ел ішіндегі беделі мен атақ-даңқын мойындаған албан-суан елдерінің игі жақсылары Ұлы жүз приставы капитан К. Гутковскийге оны өздеріне аға сұлтандыққа тағайындауды сұрап хат жолдайды. Сонымен, орыс әкімшілігі Тезек төреге алтынмен зерделенген шапан жауып, 1849 жылы албан-суан елдерінің аға сұлтаны етіп тағайындайды.
Сол уақыттан бастап Тезек төренің Қытай, Ресей империялары мен Қоқан хандығының үш жақты қыспағында қалған Жетісу өңіріндегі ел-жұртын аман сақтап қалу жолындағы қауіп-қатерге толы өте күрделі, ресми қызметі басталады. Тезек төре ақылы мен айлакерлігінің арқасында атақты ғалымдар Семенов Тян-Шанский, Ш. Уәлиханов, орыс әкімшілігі мен әске-ри басшылығы өкілдері К. Гутковский, А. Гейнс, С. Абакумов, М. Хоментов- ский, М. Перемышельский, Г. Колпаков-ский, Г. Гасфорт және айналасындағы Қытай, Тараншы, Қырғыз, Қоқан елдерінің саяси ықпалы жоғары тұлғаларымен терезесі тең қарым-қатынас орната білді. Нәтижесінде, Тезек төре билікке келген 1849 жылдардан бастап, Жетісу өңірін мүмкіндігінше тәуелсіз, дербес, автономды өлке ретінде басқаруға тырысты.
Хандық жүйенің жойылғанына қарамастан, ата-баба салтына сай өзін «хан» атап, ел басқару ісінде ұлттық салт-дәстүрді бекем ұстанды. Халық ішінде ауылы «Тезек төре ауылы», ал жеке үйі «хан ордасы» деп аталды. Даңқты бабаларына еліктеп, реті келгенде орда маңына батыр, би, шешен, ақын, әнші, күйшілерді жинап, түрлі мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырып отырған. Әсіресе өнер адамдарына, ақын-жыршыларға қомақты материалдық көмек түрлерін көрсетіп отырғаны да белгілі.
Бұл туралы қазақтың біртуар тұлғасы Д. Қонаевтың: «Мына жерде кім жатқанын білесің бе? Бұл жерде өзі ақын, өзі батыр, өзі философ осы Жетісудың аға сұлтаны – хан Тезек жатыр. Егер Тезек төре болмаса ақын Түбек те, Сүйінбай да, Бақтыбай да белгісіз болар еді», – деген сөзі Ә. Алыбаевтың естелігінде жазулы тұр.
1854 жылы Тезек төре қазақ-қырғыз арасындағы қантөгісті тоқтатуға белсене араласып, атсалысты. 1856 жылы Семенов Тян-Шанскийдің экспедициясына қолдау көрсетіп, оның қауіпсіздігін тікелей өзі қадағалады. 1858-1863 жылдар аралығында поручиктен бастап, капитан, подполковник, полковник шенін иеленіп, дәрежесі көтерілді. 1865 жылы «Святой Станислав» орденімен марапатталды. Осы жылы Тезек төре ауылында қазақ халқының жарық жұлдызы, этнограф-ғалым Шоқан Уәлиханов қайтыс болып, Тезек төре оны өз қолымен жерледі және қаралы хабарды естірту үшін хат жазып, Көкшетауға арнайы адамдар жіберді. 1867 жылы Парижде өткен этнографиялық көрмеге жеке киіз үйі мен бағалы заттар жіберді. 1868 жылы Патша үкіметі «Тезек төрені ел-жұртымен бірге Қытайға көшпекші болды» деген сылтаумен Қапалдағы түрмеге 6 айға қамайды. Сонымен, Жетісу өңірін 30 жылдан астам уақыт аралығында барынша дербестігін сақтап, халықтың әл-ауқатын жақсартуға тырысып, ауызбірлік пен ынтымаққа тәрбиелеп басқарған Тезек төренің де дәуірі аяқталуға жақын қалған еді. Шамамен 1877-1878 жылдары көзі тірісінде, өмірінің аз қалғанын сезгендей, Алтынемел асуының етегіндегі әке-шешесі жерленген төрелер қорымында өзіне арнап сән-салтанаты жарасқан күмбез тұрғызады. 1879 жылы маусым айында қазақтың ардақты ұлдарының бірі, Ұлы жүздің даңқты билеушісі Тезек төре қайтыс болды. Төренің замандасы, сырласы, досы Сүйінбай ақынның Тезек төрені жоқтаған зарлы үні кезіп кетті. Оның шығарған екі жоқтауы елдің сай-сүйегін шымырлатқан еді. Поэзиялық деңгейі өте жоғары бұл жоқтауларды оқыған әрбір адам Тезек төренің ерлікке толы өмірбаянымен танысқан болар еді.
Тезек төре дарынды ақын, күйші, әнші ретінде қазақ ауыз әдебиетінде өзіндік мұра қалдырды. Ол туралы онымен кездесіп көзін көрген, сөз қағыстырып, айтысқан Түбек, Сүйінбай, Бақтыбай, Құлмамбет, Төребай, Егізбай сияқты ақындар және Қожбанбет би, Бөлтірік шешен, Құлжабай әулие, Кебекбай секілді замандастары жырлап өткен.
Ал қызыл иделогияның ықпалымен Тезек төре ұры, қарақшы, зорлықшыл деген сияқты сөздердің түкке тұрғысыз, қасақана жағылған күйе екені әрбір білімді адамға мәлім жағдай. Шынымен солай болса, жоғарыда аталған тарихи тұлғалар немесе Ә. Марғұлан, Д. Қонаев сияқты ұлтымыздың ғұламалары соншама оңды пікір жазар ма еді?
Мысалы, географ-ғалым Семенов Тян-Шанскийдің Тезек төрені «Властитель Семиречья», «хозяин здешнего нагорья» деп атағанын оның беделінің биіктігін көрсетеді. Оның «в землях, относящихся к управлению Тезеком, находился важный переход в Кульджинский край – Алтын-Эмель, а за ним местность Уйгентас. Все торговые караваны казахских феодалов, сибирских, татарских и среднеазиатских купцов, чтобы достичь Кульджи (Или), должны были проходить через Уйгентас и долину Хоргоса. Поэтому Тезек держал под своим контролем этот важный стратегический пункт, который находился на пути в Китай, а из Китая – в Сибирь и Центральную Азию» деген жазбасы Тезектің Жетісу жерінің нақты иесі болғанын аңғартады.
Ал сол жердің шетіне жау тиген кезде жекебасын өлімге тігіп, арыстандай арпалысып, ел-жұртына төнген қауіп-қатердің де бетін қайтарған. Мысалы, 1863 жылғы 18 маусымда Құсмұрын бекеті маңында Қытайдың басқыншы әскеріне қарсы шабуылды Тезек төре мен оның баласы Батырхан бастап, ерекше ерлік көрсетіп, көзге түскені белгілі. Бұл соғыстың қорытындысы бойынша генерал-майор Колпаковский «При наступлении китайских скопищ против Кушмурунского лагеря с целью атакованый оной 18 июня сего года, сильно и быстро бросился с киргизскою милициею на означенные скопища, разбил их и обратил в бегство» деп жазған еді. Бұл жерде Шоқан Уәлихановтың деректері бойынша Тезек төренің жақсы қаруланған, жауынгерлік шеберлігі өте жоғары 1500-ге жуық сарбазы болғанын ескерсек, сол заманда төре өз күшімен елін де, жерін де қорғай алғаны көрініп тұр. Қазақ даласының басқа өңірлеріндегі орыс әкімшілігі тағайындаған өзге аға сұлтандардың ешқайсысы Тезек төре сияқты тұрақты түрде соншама сарбаз ұстай алмаған және олардың ел ішіндегі ықпалы мен беделі де жоғары емес еді.
Қазақ халқы Ұлы қаған Шыңғысхан мен оның ұрпақтарының арқасында бастары бірігіп, ұлан-ғайыр жерге ие болып, кейіннен дербес мемлекет құрғаны жасырын емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында «Túrkistan» газетіне берген сұхбатында: «Біз болашаққа ұмтылған қоғам, біртұтас ел ретінде төл тарихымызды танып, оны қаз-қалпында қабылдай білуіміз керек», – деп қадап айтты. Олай болса, биыл туғанына 205 жыл толып отырған Тезек төре Абылайхановтың тарихи тұлғасын, әдеби мұрасын дәріптеу ісін қолға алу қажет. Өз тарапымыздан мүдделі мемлекеттік органдардың қолдауымен облысымыз бен басқа да өңірлерде «Тезек төре – 205» іс-шаралары аясында ақпарат құралдарында мақалалар беріп, елді мекендерде билбордтар орнатса, тарихи тұлғасы мен әдеби мұрасын зерттеу мен насихаттауға арналған түрлі мәдени көпшілік шаралар ұйымдастырылса, Тезек төреге ескерткіш орнатып, пьеса, кинофильм түсіру сияқты ізгі істерді қолға алса деген ұсынысымыз бар.
Сонымен қатар, Тезек төренің қасақана қиратылған мазарын қалпына келтіріп, Шоқан Уәлихановтың «Алтынемел» мемориалды музейімен байланысты айтулы туристік нысанға айналдыру мүмкіндігін қарастырса тарихтан орын алар тағылымды дүние болар еді.
Бағдат Ақылбеков,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
тарих ғылымдарының магистрі





