Бала тілінің тым кеш шығуы бүгінгі күннің басты мәселесіне айналды. Жасыратыны жоқ, логопед-дефектолог мамандардың табалдырығын тоздырып жүрген ата-ананың да, баланың да қарасы көп. Бұл мәселенің алдын алу үшін не істеу керек? Мамандар қандай кеңес айтады? Осы жайлы білгіңіз келсе, мақалаға көз жүгіртіңіз.
Жауапкершіліктің жүгі ауыр
Баланың тілі кеш шығуының нақты себебін ешкім дөп басып айта алмайды. Өйткені, себебі біреу емес бірнеше. Ең бірінші – ананың жүктілік кезеңі. Бала ана құрсағында қалыптасқан сәттен бастап толықтай анасына тәуелді болады. Анасы не ішеді, не жейді, нені сезеді барлығы құрсақтағы балаға тікелей әсер етеді. Жүктілік кезінде үнемі депрессияға түсіп, көңіл-күйінің болмауы да іштегі балаға кесірін тигізбей қоймайды. Жүкті кезде алкогольге тәуелді болу да әлі дүниеге келмеген балаға тікелей әсер етеді. Қысқасы, бала денсаулығына құрсақта жатқан сәттен бастап көңіл бөлмесе кейін ана да, бала да қиын жағдайға тап болары анық. Мамандардың айтуынша, баланың сөйлеу қабілетінде болатын ақаулар сол кезден бастау алады.
Бала үшін әке-шеше жауапты. Осы жауапкершілікті терең сезінген Айсұлу Сұбанқұлова жас та болса бала тәрбиелеуді ұлттық құндылықтан бастаған. Өмірге алып келген қос перзенті 11 айында-ақ тақылдап сөйлеп кеткен. Себебін біз де білгіміз келіп, жас анамен тілдестік.
– Біз сәбилерімізді бесікке бөлеп, бесік жырын айтып, тәрбиеледік. Бесіктің пайдасы зиянынан басымырақ. Сәбидің ұйқысы тыныш, денесі таза, құрғақ болады, тіл-көзден сақтайды. Қосымша ешкінің сүтін де бердік. Ұл бала тәрбиесімен атасы мен әкесі, ал қыз баланың тәрбиесіне апасы мен анасы жауапты болғандықтан түрлі мақал-мәтел айтуды әдетке айналдырып, сөйлей алмаса да оқып беретінбіз. Күнде кешке түрлі кейіпкердің рөлін сомдап, сахналық қойылым қоюды әдетке айналдырдық. Осы еңбегіміз ақталып, балаларымыздың тілі ерте шықты. Содан болар, балаларымыз қазір мәнерлеп оқу, тақпақ жаттауда алдына жан салмайды, – дейді қос перзенттің анасы.
Бұл отбасы бала болашағына бейжай қарамай, бүгіннен әрекет еткен ісінің жемісін көруде. Осындайда, «әттең, барлық ата-ана дәл осы отбасыдан сабақ алса екен» деп армандайсың.
Қамқорлық та қасірет
Балаға дұрыс көңіл бөлмеу де, шамадан тыс қам- қорлық та жақсылық алып келмейді. Әлем тарпа бас салған сандық технология дегеніміз біздің ұрпақты жегіқұртша кеміріп жатқанын жасыра алмаймыз. Былдырлап та үлгермеген баланың қолына телефон ұстатып «Ең бастысы жыламасын» дейтін аналар перзентінің жанашыры емес, нағыз дұшпаны десек, артық айтқандық болмас. Логопед-дефектолог мамандар бала тілінің кеш шығуына көбіне ата-ананы кінәлайды. Себебі, күні ұзақ алақандай құрылғыға телмірген балапан сыртқы ортамен кері байланыс орната алмай, қиналады. Ана мен бала арасында диалог болмағандықтан, арада үнсіздік пайда болады. Баланың ол күйіне бас қатырып жатқандары да шамалы. Үн жоқ жерде әріп те, дыбыс та, сөз де жоқ.
Енді кейбір ата-ана баласының бетіне күн түсірмей, басынан құс ұшырмай шамадан тыс қамқорлықты үйіп-төгеді. Баланың қолы қимылдаса өзі қоса шапқылап кететіндер де жоқ емес. Мұны мамандар «гиперопека» деп атайды. Кешегі аналар баланы аулаға жіберіп, көрші балалармен ойнатып, қоқыс төктіріп, шөп жұлдыртса, бүгінгі аналар артық қимылдатпақ түгілі көз алдынан ұзатпайды. Себебін сұрай қалсақ, «Көзімнің ағы мен қарасы. Жалғызым ғой. Бастысы – киімі көк, қарны тоқ. Жыламай жүрсінші» деп ақталғандай болады. Әрине, барлық ана перзенті үшін бәрін істеуге дайын. Бірақ шамадан тыс қамқорлық, еркелік бүгін жақсы болса, ертең дәл сондай зиян болатынын да ұмытпағанымыз жөн.
Махаббат пен қамқорлыққа лықа тойған бала жалқаулыққа бет бұрады. Бала өзіне қажетті ойыншықты алу үшін әрекет етпейтіні секілді, сөйлеуге деген талпынысы да жоғалады. Міне, ата-ананың гиперопекасы баланың былдырлауына бір кісідей-ақ әсер етеді.
Бақшада – қазақ, үйде – орыс
1985 жылдан бері бала жанының бағбанына айналған Көксу ауданына қарасты Жарлыөзек ауылындағы «Балдырған» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Қарақат Аманбаева балалармен күн сайын жүйелі жұмыс жүргізілетінін айтуда. Саналы ғұмырын бала тәрбиелеуге арнаған білікті маман өтетін сабақтың басым бөлігі бала ой-өрісінің дамуына, тілінің ерте шығуына бағытталғанын тілге тиек етті.
– Бүгін әр үйдегі баланың тілі орысша шығып келеді. Бұл – ащы да болса шындық. Себеп – телефон, теледидар. Тіпті, таңмен таласып балабақшаға келгенде қолында ойыншық емес, нан емес, телефон болады ғой. Қазір біз баланы омыраудан шығарғандай, телефоннан шығарып жатырмыз. Қырық жылдан аса уақыт балабақшада қызмет етсем де дәл бүгінгідей тілі анық шықпаған, сөйлеуге ерінетін, көп дүниеге қызыға бермейтін, талпынысы төмен ұрпақ көрген жоқпын. Тәрбиеші болып жүргенімізде бала ұйқыдан тұрған соң киімдерін қолдарына ұстатсақ, өздері киінуге талпынатын. Ал бүгінде күн өткен сайын баланың талпынысы төмендеп барады. Тіпті, ойлау қабілеті де тым қысқа. Біздің заманда логопед-дефектолог деген мамандар мүлде болмаған. Бақшаға былдырлап келген балаға тақпақ айтқызып, ән салдыртып, тілін өзіміз-ақ шығаратынбыз. Маған кейде ол кездегі ата-ана жауапкершілікті терең сезінетіндей көрінеді кейде. Бүгінде бақшамызда 70 бала бар. Ауылды жерде тұрсақ та жартысының тілі орысша шыққаны қынжылтады. Балапандарымызды балабақшада қазақша сөйлетуге барымызды салып тырыссақ, үйге барған соң орысша шүлдірлеп, біздің еңбекті желге ұшырады. Балаға да, ата-анаға да ескерту айтудан шаршамаймыз. Сондықтан ана-аналарға берілген аманатқа қиянат жасамай, материалдық емес баланың рухани азығын да бір мезгіл ойласаңыздар екен деп айтқым келеді, – дейді Қарақат Тетенқызы.
Тыныштық – ең қымбат дәрі
Жыл өткен сайын баланың сөйлеу, ойлау, даму стандарттары да өзгеріп жатыр. Осы жайлы мамандардың да пікірін тыңдадық. Сарқан аудандық орталық ауруханасының перзентхана бөлімінің акушер-гинеколог дәрігері Ляйла Молдабектің айтуынша, бала тілінің кеш шығуына түрлі фактор кері әсерін тигізеді. Мәселен, жүктілік кезіндегі гипоксия, ананың созылмалы стресі баланың жүйке жүйесінің қалыптасуына әсер етеді. Ал соңғы уақытта көп ата-ана цифрлық аутизммен күресіп жүр. Бұл мидың сөйлеу орталығының емес, тек визуалды қабылдау бөлігінің дамуына кереғар. Ең қауіптісі – коммуникацияның тапшылығы. Әрбір ата-ана баламен тиімді уақыт өткізіп, қарым-қатынас құрмай, мультфильмге телміртіп қойғанды жөн санайды.
– Болашақ ананың бойына бала біткеннен бастап, бірінші кезекте ішкі тыныштықты сақтауы тиіс. Жүктіліктің алғашқы 12 аптасында жүйке түтікшесінің ақауларының алдын алу үшін фолий қышқылын ішу керек. Белок пен темірге бай тағамды, көкөніс пен жеміс-жидекті көп тұтынып, жүктіліктің 12 аптасына дейін есепке тұрып, барлық скринингтен қалмай, уақытылы өткені абзал. Болашақ аналарға жүктілік – ауру емес, бұл физиологиялық күй деп айтқым келеді. Зиянды әдеттерден бас тартып, жақсы ой ойлап, көп серуен құрғандары тиімді. Босану туралы толық ақпарат беретін курстарға қатысып, білімдерін арттырса екен деймін. Алтыннан да қымбат уақытты телефонға қор қылдырмаса деймін. Телефоннан шығатын сәулелер мен электромагниттік толқындардан гөрі, оның психологиялық әсері қауіпті. Кейін балалы болғанда «Жүкті кезімде дәрумендерді уақытылы ішпедім, телефонды көп көрдім. Баламен сөйлеспедім» деп өкініп жатады. Сол үшін баланы тәрбиелеуді құрсақтан бастау керек, – дейді маман.
Егер бала тілі шықпаған болса, бірден логопед маманына жүгінетін ата-аналар көп кездеседі. Бірақ, ең әуелі, – баланы невропатолог маманы қарауы керек. Өйткені мамандар бала тілінің уақытылы шықпауын ең алдымен миының дамуымен тікелей байланыстырады. Олар нақты диагноз қойып, тиісті емді бекітеді. Сосын қай маманға жүгіну керектігін айтады. Десе де осы кемшіліктің көптеп орын алуына ата-ананың да аз да болса кінәсі бар. Біз тегінде «Бала – болашағымыз», «Ұрпағымызды жалғастырушы» дейміз. Алайда болашақ ЕРТЕҢНЕН басталмайды. Болашақ дегеніміз – БҮГІН ғой. Сондықтан жарқын болашаққа ешқашан балта шаппайықшы.
Маман кеңесі
Ерлан ТҰРҒАНБЕКОВ,
Ынтымақ ауылындағы №30 орта мектептің педагог-логопеді:
– Сөйлеу тілінің кешеуілдеуі, дыбыстық бұзылыстар байқалса, ата-ана дереу маман көмегіне жүгінгені жөн. Қалыпты жағдай бойынша дені сау бала 10 айлық кезінен бастап «бе-бе», «бе-пе» деген сияқты дыбыстарды буындап айта бастауы керек. Ал 1 жастан асқан соң «әке», «ана», «апа», «ата» деген сөздерді, 1,5 жастағы бүлдіршін нақты әрі анық сөйлей алмаса да 40-50 сөзді білуі керек. Ал 1,5 жастан асқан бүлдіршін ойын жеткізуге әрекет етуі тиіс. 2 жастан асқанда екі сөздің басын қосып, «су бер», «нан бер» деген сияқты сөздерді айта білгені дұрыс. Соңғы стандарттарға сүйенер болсақ, бала 3,5 жастан бастап анық сөйлеп, өз ойын жеткізе білсе, демек ол 5 жастан мектепке баруына болады. Дегенмен, сөйлеу тілінің дамуы айқын түрде кешеуілдеген жағдайда арнайы маман кеңесі қажет. Ата-ананың балаға тамақты «ням-ням», суды «у», дәретке отыруды «іш дейсің бе?» деп сөйлеуі де дұрыс емес. Кей әке-шешеде «еркелеп сөйлессек, бала дұрыс қабылдайды» деген ұғым қалыптасқан. Алайда бұл – қате ұғым. Бала туған сәттен бастап онымен үлкен адамдармен қалай сөйлесесіз, солай анық, ойыңызды ашық жеткізіңіз, әріптердің дұрыс дыбысталуына назар аударыңыз. «Бала көргенін жасайды» деген сөз бекер емес. Бала үлкендердің сөйлеуіне, ерін, тілдің, жақтың қимылдауына қарай дұрыс сөйлеуді үйренеді.
Қазір балалардың көбі ұйқыдан ояна сала «youtube»-қа телміріп отырады. Онда кеңінен танымал «Синий трактор», «Маша и медведь» деген сияқты мультфильмдерді қарайды. Бұл балаларға арналған туындылар орыс тілінде. Көп жағдайда мұндай балалардың тілі орысша шығады. Қазақ әріптеріне тілі келмейді. «Нет», «ноу-ноу-ноу» деген сөздерді үйреніп алады. Осы тұста ата-ана назарына бірнеше кеңес ұсынғым келеді. Баламен жүйелі түрде сөйлесу және диалог құру, гаджеттерді шектеу, ертегі, көркем әдебиет оқып, баланың қойған сұрағына толық жауап беру керек. Қысқасы, балаға онлайн емес офлайн режимде көңіл бөлінсе екен.
Еңлік Кенебай






