Жетісу университетінде жаңа оқу дәрісханасы ашылды. Заманауи жабдықталған аудиторияға филолог-ғалым, филология факультетінің бұрынғы деканы Мұса Бисенқұловтың есімі берілді. Салтанатты шараға білім ошағының басшылығы мен ғалымның жақындары қатысып, кабинеттің лентасын қиып, игі бастамаға куә болды.
Мұса Қазымұлы университет қабырғасында 40 жылдан астам уақыт қызмет атқарып, болашақ ұстаздарды даярлауға және филология ғылымын дамытуға елеулі үлес қосқан. Ол орыс және шетел әдебиеті кафедрасының құрылуына бастамашы болып, филология факультетін басқарған.
Жаңа дәрісханада профессордың өмірі мен ғылыми жолын танытатын фотосуреттері, жеке мұрағат материалдары және кітаптары қойылған. Сонымен қатар, арнайы портреті орналастырылып, естелік бұрышы жасақталған.
Салтанатты рәсімге университет ректоры Ермек Бөрібаев қатысып, профессордың Жетісу өңіріндегі және республика көлеміндегі филологияның дамуына қосқан үлесін атап өтті. Сондай-ақ, аудиторияны жабдықтауға атсалысқан ғалымның зайыбы Бақыт Сексенбаева мен отбасы мүшелеріне алғыс білдірді.
– Аудиторияны ашу жұмыстары шамамен 80 күнге созылды. Бүгін барша университет қауымы үшін әсіресе, біздің отбасы үшін үлкен мереке. Екі ұлымыз, келін-немерелерімізбен бірге осы істі аяқтадық. Бұл дәрісхана жас буынның шабыт алатын, тың идеялар туындайтын, сәтті диплом қорғалатын ордасына айналсын деп тілейміз, – дейді Бақыт Сексенбаева.
Шараға профессордың бұрынғы шәкірттері мен әріптестері де қатысты. 1986 жылғы түлек Рамиль Мұратов түлектер атынан аудиторияға компьютер сыйға тартылғанын айтты.
«Ілиястану» ғылыми-практикалық орталығының меңгерушісі Мұратбек Иманғазинов әріптестері атынан профессордың ғылым мен білім саласындағы еңбегін еске алып, аудитория қорына Ілияс Жансүгіров шығармашылығына арналған кітаптарды табыстады. Ғалымның зайыбы Жамбыл Жабаевтың 1938 жылы латын қарпінде жарық көрген сирек жинағын сыйға берді.
Университет басшылығының айтуынша, жаңа аудитория білім алушылар үшін дәріс өткізу, ғылыми кездесулер ұйымдастыру және шығармашылық бастамаларды жүзеге асыру алаңы болмақ.
Медет ЖҰМАБАЙ





