Жетісу облысында төрт жасар ұлын батареяға байлап, азаптаған анаға қатысты сот үкімі жарияланды. Сот шешімімен 28 жастағы әйел іс-әрекетіне жауап бере алмайтын күйде болғандықтан, мәжбүрлі түрде емдеуге жіберілді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Qazaqtoday агенттігіне сілтеме жасап.
Қоғамды дүр сілкіндірген бұл оқиға Жаркент қаласында орын алған. Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, келіншек небәрі 4 жастағы ұлын «су шүмегін жаппай кетті» деген сылтаумен батареяға таңып тастаған. Бұнымен шектелмей, кішкентай баланы ожаумен ұрып-соғып, дене жарақатын салған.
Жағдай анықталған соң, құқық қорғау органдары тиісті тексеру жұмыстарын бастады. Сот-психиатриялық сараптама нәтижесі әйелдің ақыл-есінің кем екенін көрсетті. Мамандардың қорытындысы бойынша, ол жасаған ісінің зардабын түсінуге немесе өз әрекеттерін басқаруға қауқарсыз болған.
Осы сараптама нәтижелерін негізге ала отырып, сот әйелді қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Алайда оның қоғамға қауіптілігін ескере отырып, психиатриялық стационарда мәжбүрлі түрде емдеу туралы қаулы шығарды.
Қазіргі таңда отбасындағы өзге балалардың да қауіпсіздігі басты назарда. Әйелдің 2 және 4 жастағы екі баласы Талдықорған қаласындағы Отбасын қолдау орталығына жеткізілді. Олардың физикалық денсаулығы мен психологиялық жай-күйін арнайы мамандар мен психологтар тұрақты бақылап отыр.





