Қазақстанда өткен 2025 жылы адам саудасының құрбаны болған 171 адамға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Курсив сайтына сілтеме жасап.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде өткен ведомствоаралық комиссия отырысында мәлім болғандай, көмек алғандардың қатарында 94 ер адам, 52 әйел және 25 бала бар. Айта кетерлігі, мемлекет тарапынан берілетін қолдау тек отандастарымызға ғана емес, шетелдіктерге де бағытталған. Мәселен, өткен жылы 93 шетел азаматына тиісті жәрдем берілді. Оларға уақытша баспана, медициналық және психологиялық көмек ұсынылып, құжаттарын қалпына келтіру мен жұмысқа орналасу мәселелері шешілді.
2024 жылғы шілдеде қабылданған «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Заң бұл бағыттағы жұмыстың сапасын түбегейлі өзгертті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев атап өткендей, қазіргі жүйе әрбір зардап шеккен жанды жеке қорғауға және оны оңалту процесінде толық сүйемелдеуге негізделген. Бұл құжат құрбандардың құқығын қорғауда берік іргетас қалады.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы адам саудасына қатысты 164 қылмыс тіркелген. «STOP трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 4 кезеңнен тұратын рейдтер жүргізіліп, заңсыз әрекеттердің жолы кесілді. Сонымен қатар, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі жыл бойы заңсыз миграцияның 29 арнасын жапты. Астана мен Алматы әуежайларында шетелдіктердің үш кәмелетке толмаған қазақстандықты елден заңсыз алып кету әрекеттері дер кезінде тоқтатылды.
Жиын барысында алдағы атқарылатын жұмыстар да пысықталды. Негізгі басымдық мемлекеттік органдардың деректер базасын цифрландыруға берілмек. Бұл әрбір зардап шеккен адамның тағдырын бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, өңірлердегі дағдарыс орталықтарын дамыту және балаларды шетелге заңсыз шығарудан қорғау шаралары күшейтіледі.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша төрағалық тізгіні алдағы 2 жылға Ішкі істер министрлігіне берілді. Бұл ведомствоаралық байланысты нығайтып, адам саудасымен күресті жаңа деңгейге көтеруді көздейді.





