Apple компаниясының қыркүйек айындағы дәстүрлі таныстырылымы биыл ерекше өтпек. Компания алғашқы жиналмалы iPhone Fold моделін ғана емес, сонымен қатар жаңа флагмандық iPhone 18 Pro сериясын да ұсынуы мүмкін.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, жаңа құрылғылар шілде айында жаппай өндіріс кезеңіне өтеді деп күтіледі. Қазірдің өзінде Apple iPhone 18 Pro және стандартты iPhone 18 үлгілерінің бастапқы өндірісін бастаған. Бұл туралы қытайлық инсайдер Fixed Focus Digital Weibo платформасында жазды. Құрылғылардың финалдық дизайны бекітілгенімен, толық ауқымды жаппай шығарылымға әлі уақыт бар.
Сыртқы келбетіне келсек, iPhone 18 Pro алдыңғы буындағы iPhone 17 Pro моделіне ұқсас болады. Негізгі айырмашылықтар – Dynamic Island аймағының кішіреюі және жаңа түстердің қосылуы. Атап айтқанда, Pro желісінде бұрын болмаған қызыл түс пайда болуы ықтимал. Ал стандартты iPhone 18 дизайны қазіргі iPhone 17 моделінен айтарлықтай ерекшеленбейді.
Bloomberg журналисі Марк Гурманның мәліметінше, биыл iPhone 18 Pro және iPhone 18 Pro Max қанық қызыл реңкте ұсынылуы мүмкін. Компания «қанық қызыл» (deep red) түсті сынақтан өткізіп жатқаны айтылады. Егер бұл ақпарат расталса, Pro модельдері алғаш рет қызыл түсте жарық көреді. Бұған дейін қызыл iPhone тек iPhone 14 және iPhone 14 Plus-тың (PRODUCT) RED сериясында ғана болған. Жаңа нұсқадағы реңк ашық қызылдан гөрі қою, қошқыл түске жақын болуы мүмкін. Бұған дейін желіде күлгін және қоңыр түстер туралы да қауесет тарағанымен, сарапшылар олар қызыл реңктің түрлі вариациялары болуы ықтимал екенін айтады.
Ал жиналмалы iPhone Fold моделіне қатысты мәліметтер бойынша, Apple ашық түстерден бас тартып, классикалық сұр немесе қара, сондай-ақ күміс немесе ақ нұсқаларды таңдауы мүмкін.
Техникалық жаңартулар негізінен құрылғының ішкі бөлігінде шоғырланған. iPhone 18 Pro 2 нанометрлік техпроцеспен TSMC компаниясы өндірген A20 Pro чипімен жабдықталуы ықтимал. Сонымен қатар, бірқатар маңызды өзгеріс күтіледі:
– селфи камерасы 24 мегапиксельді сенсорға ауысуы мүмкін (WhyLab дерегі бойынша);
– Face ID технологиясы экран астына орналастырылып, бұл Dynamic Island аймағын кішірейтуге мүмкіндік береді;
– негізгі камера айнымалы диафрагма және көпқабатты (stacked) сенсормен толықтырылады;
– батарея сыйымдылығы 5200 мА·сағ-қа дейін жетуі ықтимал.
Ал стандартты iPhone 18 моделінде ауқымды өзгерістер болмайды. Экран жарықтығы артып, алдыңғы камера жетілдіріледі және жаңа буындағы A20 процессоры орнатылады. Дизайн жағынан бұл нұсқа да iPhone 17 моделіне ұқсас болып қалады.
Жалпы алғанда, биылғы жаңарту сыртқы өзгерістерден гөрі техникалық жетілдірулерге басымдық бермек. Екі модельдің де ресми таныстырылымы дәстүр бойынша күз мезгілінде өтеді деп күтілуде.





