Талдықорғанда апелляциялық сот Айзат Жұманованың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша соңғы нүктені қойды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпарат порталы.
Сот залында тараптардың уәжі тыңдалды. Жәбірленуші жақтың адвокаты айыпталушы Айбар Жанболаттың іс-әрекетін Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігіне (аса қатігездікпен адам өлтіру) ауыстыруды сұрады. Ал қорғаушы тарап керісінше, жазаны жеңілдетуді көздеді. Адвокат Жанат Сарқытовтың айтуынша, сотталушының әйелін өлтіру ниеті болмаған, сондықтан істі 106-баптың 3-бөлігіне (денсаулыққа ауыр зиян келтіру, абайсызда өлімге соқтыру) қайта саралау қажет.
Алайда сот төрағасы Айдын Жұрханов апелляция сатысында істі қосымша тергеуге қайтару заңда қарастырылмағанын түсіндірді. Ол іс материалдары «Адам өлтіру» бабына толық сәйкес келетінін қадап айтты. Осы бап бойынша кінәлі адам 7-ден 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Айыпталушының бұрын сотты болмағаны ескеріліп, оған 14 жыл мерзімге жаза тағайындалды. Сонымен қатар моральдық шығын өндіру туралы шешім де күшінде қалды.
Еске сала кетейік, бұл қайғылы оқиға 2025-жылдың маусым айында Жетісу облысы Ақсу ауданы Баласаз ауылында орын алды. 32 жастағы Айзат Жұманованың қазасына күйеуі Айбар Жанболат күдікті ретінде ұсталды. Марқұмның туыстары сұмдық деректерді алға тартқан еді: ер адам әйелді 2 жасар қызының көзінше аяусыз ұрып-соғып, кейін аттың жалына байлап сүйреген.
Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырды. Сот процесі барысында жұртшылықты тіксіндірген видеожазбалар да көрсетілді. Ақыр соңында, 2026-жылдың қаңтарында Талдықорған соты ер адамды кінәлі деп таныған болатын.





