Баспасөз бостандығын қорғаумен айналысатын халықаралық ұйымдардың мәліметінше, журналистер өлімі бойынша Израиль алдыңғы орынға шықты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Ulysmedia.kz дерегіне сүйеніп.
Журналистерді қорғау комитетінің (CPJ) дерегінше, 2025 жылы әлем бойынша 129 медиа қызметкері қаза тапқан. Бұл – ұйым 1992 жылдан бері статистика жүргізе бастағалы бергі ең жоғары көрсеткіш. Олардың 84-і Израильдің әскери әрекеттерімен байланысты көз жұмған. Al Jazeera таратқан мәліметке сәйкес, қаза тапқандардың басым бөлігі – палестиналық журналистер.
CPJ сәрсенбі күні жариялаған жылдық есепте Израиль әскерилерінің БАҚ өкілдеріне қатысты әрекеттеріне байланысты «жүйелі жазасыздық» қалыптасқаны атап өтіледі. Ұйым дерегіне сүйенсек, 2025 жылы қаза тапқан журналистердің үштен екісінен астамы Израильдің әрекеттерімен байланысты.
Сонымен қатар есепте Израильдің әуе соққылары салдарынан Йемендегі газеттерде жұмыс істеген 31 медиа қызметкердің қаза тапқаны көрсетілген. CPJ журналистерді нысаналы түрде өлтіру фактілерінің басым бөлігі үшін Израильді жауапты деп санайды. Атап айтқанда, 2025 жылы тіркелген осындай 47 жағдайдың 38-і Израильмен байланысты деп бағаланған.
Баяндамада статистика жүргізіле бастағалы бері бірде-бір үкіметтің журналистерді мұншалықты көп өлтірмегені айтылған. Сонымен қатар CPJ нақты көрсеткіштер бұдан да жоғары болуы мүмкін екенін ескертеді. Ұйым өкілдерінің пікірінше, Газадағы баспасөз жұмысына қойылған шектеулер мен ауыр гуманитарлық жағдай көптеген оқиғаны тергеуге кедергі келтіріп отыр, ал кейбір дәлелдер жойылып кетуі ықтимал.
2022 жылы Батыс жағалауда қаза тапқан Al Jazeera журналисі Ширин Абу Акленің құрметіне аталған Shireen.ps сайтының мәліметінше, Израильдің Газадағы соғысы басталғалы бері шамамен 300 медиа қызметкері мерт болған. Израиль билігі кейбір журналистердің қаза тапқанын мойындағанымен, оларды қарулы топтармен байланысы бар деп мәлімдеген. Ал қаза тапқандардың жұмыс берушілері мен CPJ бұл айыптауларды жоққа шығарып, мұны қауіпті қаралау әрекеті деп бағалайды.
Басқа елдердегі жағдай
Газа мен Йеменнен бөлек, 2025 жылы журналистер өлімі ең көп тіркелген елдердің қатарында азаматтық соғыс жалғасып жатқан Судан мен ұйымдасқан қылмыс деңгейі жоғары Мексика бар. Суданда тоғыз, Мексикада алты журналист қаза тапқан. Сондай-ақ ресейлік әскерилердің шабуылдары салдарынан Украинада төрт журналист көз жұмғаны есепте көрсетілген.





