Соңғы уақытта елімізде керегемізді кеңейтеміз деп асыр салып той жасап, артынан шаңырағы шайқалып бір-бірін түсінбей ажырасып жататын жастар жиілеп барады. Тіпті, бұл келеңсіздікке күнделікті құбылыс ретінде қарап мән бермей келеміз. Соның салдарынан жәудіркөз жетім балалар зардап шегеді.
Келісімге келе алмаған қос тарап үшін шиеттей балалардың тағдыры екінші орында қалып қояды. Соның кесірінен алименттік міндеттер туындайды. Елімізде алименттен жалтару үшін бауыр еті баласынан бас тартып жатқандардың саны артып келеді. Өз баласын тастағандарға қандай жаза бар? Алименттік міндеттемелердің өзіне тән белгілері қандай?
Ерлі-зайыптылар ажырасқанда кәмелеттік жасқа толмаған балалар болса, алимент төлеу мәселесі ерікті немесе мәжбүрлеп талап ету арқылы шешіледі. Ең алдымен алимент кімдерге төленетінін анықтап алайық. «Заң бойынша алимент тек кәмелеттік жасқа толмаған балаларға ғана төленеді» деген қате түсінік қалыптасқан. Алимент мына санаттағы адамдарға төленеді: кәмелетке толған, бірақ еңбекке жарамсыз балалар, еңбекке жарамсыз ерлі-зайыптының бірі, жүкті зайыбы, І-ІІ топтағы мүгедек деп танылған балалар (18 жасқа дейін), 18 жасқа толғанға дейін мүгедек балаға күтім жасайтын мұқтаж зайыбы, еңбекке жарамсыз ата-ана.
Заң бойынша ай сайын төленетін алименттің мөлшері бар. Яғни, бір балаға – алимент төлеуші тараптың ай сайынғы табысының төрттен бірі, екі балаға – үштен бірі, ал үш немесе одан да көп балаға табысының жартысы берілуі керек. Ескере кететіні, сотта осы үлестердің мөлшері тараптардың ауқаттылығына немесе отбасылық жағдайына қарай азайюы немесе ұлғаюы мүмкін.
Дидар ТУКАНОВ
жеке сот орындаушы





