Жетісу – табиғаты көркем, тіршілігі қайнаған, берекесі мен бірлігі жарасқан өңірден бөлек, қауіпсіздік пен тұрақтылықты ту еткен аймақ. Бүгінгі таңда ел тыныштығын күзету, төтеннен келер қауіптің алдын алу – мемлекет саясатының басты бағдарына айналса, осы бағыттағы жүйелі жұмыстар жер жәннатында нақты іспен көрініс табуда. Табиғи апат пен тілсіз жаудың қай кезде де аяқ астынан келетіні белгілі. Сондықтан сақадай сай құтқару қызметін қалыптастыру – уақыт талабы. Осы орайда өңірде бір күнде үш бірдей жедел әрекет ету нысанының пайдалануға берілуі – халық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған маңызды қадам мен өңірдегі азаматтық қорғау жүйесін жаңғырту жолындағы жүйелі саясаттың нақты көрінісі, ел амандығын басты мұрат еткен мемлекеттік қолдаудың айқын айғағына айналды.
Талдықорған қаласында, Көксу және Кербұлақ аудандарында жаңадан салынған әрі қайта жаңғыртудан өткен өрт сөндіру бөлімдерінің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов пен Жетісу облысы әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев қатысып, құтқарушылар қауымының қуанышына ортақтасты.
Алдымен облыс орталығы – Талдықорғанда өңірдегі алғашқы әмбебап құтқару бөлімшесінің есігі айқара ашылды. Бұл нысанның ерекшелігі – өрт сөндірушілер мен Апаттар медицинасы орталығы мамандарының бір шаңырақ астына топтастырылуында. Яғни, тілсіз жау тұтанған сәтте немесе төтеннен келген апат кезінде құтқару мен медициналық көмек қатар көрсетілетін көпфункционалды жедел әрекет ету кешені қалыптасты.
Салтанатты жиында сөз алған министр Шыңғыс Әрінов жаңа кешеннің маңызына тоқталып:
– Құтқарушыларға қолайлы жағдай жасап, халыққа жедел әрі сапалы көмек көрсету – басты міндет. Азаматтық қорғау жүйесін жаңғырту кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Талдықорғандағы бұл нысан – сол жүйелі жұмыстың жарқын нәтижесі, – деп атап өтті.
Өз кезегінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев өңірде қауіпсіздік мәселесі әрдайым мемлекеттік саясаттың өзегінде екенін айтып, төтенше жағдайлардың алдын алу ісінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау жалғасатынын жеткізді. Расында да, ел іргесінің берік болуы ең әуелі халықтың амандығына бастайды. Ал бұл бағыттағы жұмыстар облыста әкімдік қолдауымен тұрақты түрде жүзеге асып келеді.
Шара барысында өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен нысанды жаңғыртуға атсалысқан азаматтарға ведомстволық марапаттар табысталып, бірқатар мамандар облыс әкімінің Алғыс хаты мен Құрмет грамотасына ие болды. Бұл, әрине, ел тыныштығы жолында тер төгіп жүрген жандар еңбегіне көрсетілген лайықты құрмет.
Қырық жылдан астам уақыт толыққанды жауынгерлік бөлімше ретінде қызмет атқармаған нысан бүгінде заман талабына сай қайта түлеп отыр. Ғимарат ішінде арнайы техникаға арналған кең бокстар, оқу сыныптары, әкімшілік-тұрмыстық бөлмелер, демалыс орындары, асхана мен санитарлық тораптар толық жабдықталған. Жеке құрамның шымырлығын шыңдау мақсатында спорт алаңы, шағын футбол алаңы мен воркаут аймағы да қарастырылған. «Ер қаруы – бес қару» демекші, құтқарушылардың кәсіби дайындығын арттыруға жасалған игі іс.
Осы күні министр жұмыс сапары аясында Көксу және Кербұлақ аудандарындағы өрт сөндіру бөлімдерінің ашылуына да қатысты. Көксу ауданының Балпық би ауылында 1940 жылы салынған, уақыт тоздырған ескі депоның орнына жергілікті бюджет есебінен жаңа ғимарат бой көтерді. Ал Кербұлақ ауданының Сарыөзек ауылындағы №9 өрт сөндіру бөлімшесі араға отыз жыл салып күрделі жөндеуден өтіп, жаңаша кейіпте ел игілігіне ұсынылды.
Жалпы, өңірде қауіпсіздік инфрақұрылымын күшейту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда. 2025 жылы «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында Қаратал ауданының Алмалы және Ескелді ауданының Ақын Сара ауылдарында екі өрт сөндіру пункті ашылған болатын. Биыл облыстың тағы 26 елді мекенінде осындай нысандар салу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар республикалық бюджет қаражаты есебінен Талдықорған қаласында төрт шығу қақпасы бар заманауи өрт сөндіру депосының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Нысанды биыл тамыз айында аяқтау көзделген.
Қай кезеңде де «сақтықта қорлық жоқ» деген сөз бар. Бүгінгі атқарылып жатқан жұмыстар – ертеңгі ел амандығының кепілі. Жетісуда жүзеге асып жатқан бұл игі бастамалар мемлекет пен жергілікті биліктің халық қауіпсіздігін басты құндылық санайтынын аңғартады. Ел іргесі бекем, жұрт тыныштығы мығым болуы – осындай жүйелі қолдаудың жемісі екені анық.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ
Талдықорған-Көксу-Кербұлақ





