Отандық Kaspi.kz банкі Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына байланысты сол жақта жүрген клиенттеріне арнайы қолдау көрсету туралы шешім қабылдады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бұл қолдау шарасы Kaspi Travel қызметі арқылы турпакеттер немесе екі жаққа ұшатын әуе билеттерін сатып алған азаматтарға арналған. Қазіргі уақытта Таяу Шығыста жүрген немесе сол аймақ арқылы транзитпен өтіп жатқан клиенттерге күнделікті қаржылық көмек көрсетілмек.
Компанияның хабарлауынша, аймақта мәжбүрлі түрде қалып қойған отандастарымыздың Kaspi Gold шоттарына арнайы қаражат аударылады. Төлемдердің мөлшері келесідей белгіленген:
- Әрбір ересек адам үшін күніне 35 000 теңге;
- Әрбір бала үшін күніне 15 000 теңге.
Банк өкілдері клиенттермен үнемі байланыста екенін және олардың қауіпсіздігі мен елге оралуына жағдай жасау үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанын жеткізді.
Қазіргі жағдайда шетелде жүрген Қазақстан азаматтарына барынша сақ болу ұсынылады. Мамандар қауіпсіз жерлерде болуға, Қазақстан Республикасының елшіліктері мен консулдықтарымен тұрақты байланыста болуға шақырады. Сондай-ақ жергілікті биліктің ресми нұсқауларын мүлтіксіз орындау маңызды.
Банктің бұл қадамы қиын жағдайға тап болған отандастарымызға әлеуметтік жауапкершілік танытудың үлгісі. Мұндай қолдау шаралары азаматтардың цифрлық банк қызметтеріне деген сенімін арттырып, төтенше жағдайларда қаржылық қиындықтарды жеңілдетуге мүмкіндік береді.





