Талдықорған қалалық жоғары медициналық колледжі биыл 90 жылдық мерейтойын қарсы алғалы отыр. Тоқсан жыл – бір оқу орны үшін үлкен тарих, бірнеше буынның тағдыры, мыңдаған маманның кәсіби жолына бастау болған тағылымды кезең.
Колледждің іргетасы 1936 жылы қаланды. Алғашында небәрі 30 орынды медициналық курс ретінде Совет пен Интернационал көшелерінің қиылысындағы жертөледе жұмысын бастаған шағын мекеме уақыт өте келе өңірдің медицина саласын кадрмен қамтитын маңызды білім ошағына айналды. Оның негізін қалауға сол кездегі ауданаралық аурухананың бас дәрігері Николай Желваков ұйытқы болды.
Соғысқа дейін медициналық курс мектеп дәрежесіне көтерілді. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары ерекше міндет жүктелген оқу орны жеделдетілген бағдарлама бойынша майданға қажетті орта буын медицина қызметкерлерін оқытты. Ресейден келген білікті ғалымдар мен профессорлар шағын мектепте дәріс беріп, қиындыққа қарамастан сапалы білім беруге күш салды. Жарықтың орнына керосин шамы қолданылған, оқу құралдары тапшы ауыр кезеңдер тарих қойнауында қалды.
Соғыстан кейін медициналық училище болып қайта құрылған оқу орнының дамуына соғыс ардагері Филипп Упирдің қосқан үлесі ерекше. Ширек ғасырға жуық оқу орнын басқарған ол ауыл-аймақтарды аралап, жергілікті жастарды оқуға қабылдап, студенттерді жатақхана, тамақпен қамтамасыз етуге де айрықша көңіл бөлді. Одан кейінгі жылдары жаңа ғимаратқа көшіп, материалдық-техникалық базасы нығая түскен училище 1994 жылы еліміздегі үздіксіз білім беру жүйесін енгізу аясында колледж мәртебесіне ие болды.
Колледждің шынайы жаңғыру кезеңі 1997 жылдан басталды. Медицина ғылымының кандидаты Серік Жансеңгіров басшылыққа келген тұста оқу орны күрделі экономикалық қиындықтарды бастан өткеріп жатқан еді. Қаржылық берешек, жөндеу көрмеген ғимарат, коммуналдық қарыздар ұжымға қиындық тудырды. Алайда ұстаздардың кәсіби адалдығы мен бірлігінің арқасында қиындықтар еңсерілді.
Бүгінде республика көлемінде озық тәжірибе мектебі ретінде танылған колледждің заманауи симуляциялық орталығы мен виртуалды клиникасында студенттер теориялық білімді тәжірибемен ұштастырады. Жасанды интеллектке негізделген манекендер мен тренажерлар болашақ мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдауға мүмкіндік береді. Емтихандар арнайы бақылау жүйесі арқылы өткізіледі.
Халықаралық байланыс жақсы жолға қойылған колледж Қытай Халық Республикасының Үрімжі қаласындағы Шыңжаң медициналық университетімен әріптестік орнатып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруда. Сонымен қатар, оқу орнында есту қабілеті шектеулі жандарға арналған стоматология бөлімінің ашылуы – әлеуметтік маңызы зор бастама.
Колледжде жүзге жуық тәжірибелі ұстаз еңбек етеді. Жыл сайын жаңа сыныптар ашылып, сынып саны да, ұстаз саны да көбеюде. Колледжде жүзге жуық тәжірибелі, өз ісіне жетік мамандар бар. Олардың қатарында Гүлшат Қадырова, Қалиман Ташкеева, Анна Филимонова, Роза Қыдыркешова, Әсия Әлибекова, Шахаризат Алипбаева сияқты тәжірибелі ұстаздар бар. Сонымен қатар, Дастан Иманбаев, Арайлым Жомартбаева, Асқар Қайыров, Баян Ткенбаева сияқты жас білгір мамандардың еңбегін ерекше атауға болады. Колледжде білім беру мен тәртіпті сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген директордың орынбасары Алтынай Құмарова, бөлім меңгерушілері Ләйла Оразбекова, Гүлім Дуванбекова сияқты ұстаздарды ерекше атауға болады.
Жыл сайын мыңнан аса орта буын медицина мамандары еліміздің әр аймағына жол тартады. Өйткені, оларға деген сұраныс жоғары. Әлеуметтік қолдау да назардан тыс емес. Жатақхана, спорт кешені, ата-анасы жоқ және әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы студенттердің тегін білім алуы осының айғағы.
Студенттер тек оқу үлгерімімен емес, спорттық және әскери-патриоттық жарыстардағы жетістігімен де танылып жүр. Заманауи спорт залы ірі жарыстардың өткізілу орнына айналған.
Институционалдық аккредиттеуден сәтті өткен колледж бірнеше мамандық бойынша сапа талаптарына толық сәйкестігін дәлелдеді.
Тоқсан жыл бұрын жертөледе басталған жол бүгінде заманауи, халықаралық деңгейдегі білім ордасына ұласты. Бұл – ұжымның қажырлы еңбегі мен уақыт сынынан өткен табандылығының нәтижесі.
Мырзахмет Ережепов,
ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі
лицензия №KZ63LAM00009832
Талдықорған қаласы





