Ирандағы дағдарысқа байланысты Ирактан кейін мұнай өндіруді қысқартуы мүмкін елдер қатарына Кувейт пен Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) қосылуы ықтимал. Сарапшылардың пікірінше, Ормуз бұғазы арқылы экспорттау мүмкіндігі шектелген жағдайда аталған мемлекеттер өндірісті тоқтатуға мәжбүр болады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Дүниежүзілік шикі мұнай мен сұйытылған табиғи газ жеткізілімінің бестен бір бөлігі өтетін Ормуз бұғазындағы кеме қатынасы іс жүзінде тоқтап тұр. Дағдарыс басталғаннан бері Иран алты кемеге шабуыл жасағаннан кейін жағдай ушыға түсті. Осы аптаның басында Ирак мұнай өндіруді тәулігіне 1,5 миллион баррельге дейін азайтты. Елде мұнай сақтайтын қоймалардың тапшылығына байланысты алдағы күндері көрсеткіш 3 миллион баррельге дейін жетуі мүмкін. JPMorgan сарапшыларының есебіне сәйкес, Кувейт өндірілген шикізатты тағы 18 күн, ал БАӘ 22 күн бойы сақтай алатын мүмкіндікке ие. Экспорттағы кідірістер жалғаса берсе, осы мерзімнен кейін өндірісті амалсыз тоқтатуға тура келеді.
Vortexa және Kpler деректеріне сүйенсек, қазіргі уақытта бұғазда 300-ге жуық мұнай танкері кептелісте тұр. Ресми түрде бұғаз ашық болғанымен, сақтандыру компаниялары кемелерді қамту құнын тым жоғарылатып жіберді немесе мүлдем бас тартуда. Мұндай жағдай тасымалдаушылар үшін бұл бағытты экономикалық тұрғыдан тиімсіз етеді. Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Тегеранның әзірге Ормуз бұғазын жабу ниеті жоқ екенін айтқанымен, соғыс жағдайында барлық сценарийлер қарастырылатынын ескертті. Мұнай нарығындағы бұл тұрақсыздық жаһандық энергия бағасына тікелей әсер етпек.





