Жетісу облысындағы Балқаш көлінің жағалауында биыл үш коммуналдық жағажай ашылады. Жобалардың екеуі шомылу маусымы басталғанға дейін пайдалануға берілмек. Жаңа демалыс аймақтары толықтай абаттандырылып, келушілерге қолайлы жағдай жасау көзделген, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы 24.kz сайтына сілтеме жасап.
Өңірде туризм саласын дамыту мақсатында барлығы 14 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Саладағы басты жаңалықтың бірі – кәсіби мамандарды даярлау ісінің қолға алынуы. Туризм нарығында 15 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан компания басшысы Табиғат Әбілпейісов:
«Биыл Жетісу облысы бойынша оншақты бағыт ашамыз. Маусымды дұрыс бастау үшін дұрыс ақпарат, жарнама беру үшін кәсіби гид, оншақты маман қажет. Олар аймақтың тарихын білуі керек», – деп маман тапшылығы мәселесін көтерді.
Бұл бағытта облыстық туризм басқармасы нақты жұмыстарды бастап кетті. Басқарма басшысының орынбасары Ақжол Сырттанбеков:
«Бүгінгі күні мемлекеттік реестрде гидтер болмағандықтан, біз қазір турбизнеске, мемлекеттік парктерге, мұражайларға ақпарат жібердік. Қазіргі кезде гидтерді жинау-анықтау мақсатында жұмыс жүргізіліп жатыр. Жиналған соң мамандар он күн бойы сегіз сағаттық оқу өтеді. Соның қорытындысы бойынша 80 сағаттық дайындығы бар гидтер шығады. Реестрге 20 шақты адам кіргізуді жоспарлап отырмыз», – деп мәлімдеді.
Сонымен қатар аймақтағы 400-ден астам туристік нысанға инвентаризация жүргізілмек. Облыстық туризм басқармасының бас маманы Айгүл Рүстембекова тексерудің мақсатын былай түсіндірді:
«Инвентаризацияның басты мақсаты – туристердің жол жүру бағыты бойынша нысандардың дайындығын анықтау. Жолдардың жағдайы, қоқыс жәшіктерінің болуы, арнайы ақпараттың қамтылуы тексеріледі. Егер нысандар дайын болмаса, құзыретті мемлекеттік органдарға хат жазылып, тиісті жұмыстар атқарылады».
Жетісу облысының туризм саласына биыл 4,9 млрд теңге бөлінген. Қаражатқа Балқаш жағалауында жағажайлар ашылып, тазалыққа жауапты мекеме құрылады. Жалпы жыл соңына дейін аймаққа 2 млн-нан аса турист келеді деп жоспарлануда.




