«Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» облыстық коалиция өкілдері Талдықорған перинаталдық орталығының қызметкерлерімен кездесіп, конституциялық реформалардың мазмұнын түсіндірді. Ата Заңдағы денсаулық сақтау жүйесіне қатысты бастамаларды талқылап, сала мамандарымен ашық диалог орнатты.
Кездесу барысында денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, сала қызметкерлерінің құқықтары мен әлеуметтік қорғалуын күшейту мәселелері кеңінен сөз болды. Әсіресе ауылдық елді мекендердегі медициналық қызмет сапасын көтеру, кадр тапшылығын азайту және жас мамандарды тарту тетіктері талқыланды.
Спикер Жамал Баймадиева жаңа Конституциялық реформалардың түпкі мақсаты – азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру екенін атап өтті.
– Жаңа реформалар – ең алдымен халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Денсаулық сақтау саласына басымдық берілуі медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеріп, олардың әлеуметтік кепілдіктерін нығайтуға мүмкіндік береді. Әсіресе ауылдық жерде еңбек ететін дәрігерлер мен орта буын мамандарына қолдау көрсету мемлекет саясатының маңызды бағыты, – деді ол.
Сонымен қатар, коалиция өкілі реформалардың тек құқықтық өзгерістермен шектелмей, нақты әлеуметтік-экономикалық тетіктер арқылы жүзеге асатынын жеткізді. Оның айтуынша, медициналық инфрақұрылымды жаңарту мен цифрландыру процесі сала сапасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.
Кездесу барысында еңбек ұжымы ел болашағы үшін жаңа Конституцияны қолдайтындарын білдіріп, алдағы саяси науқанға белсенді қатысуға дайын екендерін жеткізді.
ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ





