Американың Forbes журналы әлемдегі ең бай адамдардың жыл сайынғы рейтингін жариялады. Биылғы тізімге Қазақстаннан сегіз кәсіпкер енген, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Ulysmedia дерегіне сүйеніп.
Тізімге жаңадан қосылғандар
2025 жылғы рейтингте Қазақстаннан екі жаңа миллиардер пайда болды. Олар – Astana Group автомобиль компаниясының иесі Нұрлан Смағұлов және BI Group құрылыс холдингінің акционері Айдын Рахымбаев.
Forbes дерегінше, Нұрлан Смағұловтың байлығы 1,3 миллиард долларды құрайды. Ол Astana Group компаниясынан бөлек, Алматы мен Астанадағы «Mega» сауда-ойын-сауық орталықтарының иесі ретінде танымал.
Ал BI Group холдингінің акционері Айдын Рахымбаевтың байлығы 1,1 миллиард доллар деп бағаланған. Forbes басылымы BI Group-ты Қазақстандағы жылжымайтын мүлік нарығындағы ең ірі жекеменшік компаниялардың бірі ретінде сипаттайды. Компания Қазақстанмен қатар АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері және Өзбекстанда девелоперлік жобаларды жүзеге асырып келеді.
Қазақстандағы ең бай адам
Forbes тізіміндегі қазақстандық миллиардерлердің ішінде ең байы – Kaspi финтех компаниясының тең құрылтайшысы әрі директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким.
56 жастағы кәсіпкердің байлығы 7,8 миллиард долларға бағаланған. Бір жыл ішінде оның капиталы 700 миллион долларға өсіп, әлемдік рейтингте 477-орынға көтерілген.
Сондай-ақ Kaspi компаниясының басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе де миллиардерлер тізімінде бар. Алайда биыл ол Қазақстан емес, Грузиядан шыққан миллиардер ретінде көрсетілген. Қазіргі уақытта оның байлығы 6 миллиард долларға жеткен.
Тізімге енген басқа кәсіпкерлер
Forbes рейтингіне экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаева мен күйеу баласы Тимур Құлыбаев та енген. Олар Halyk Bank-тің бақылау пакетіне ие. Ерлі-зайыптылардың жалпы байлығы 10,8 миллиард доллардан асады.
Сонымен қатар миллиардерлер қатарында кәсіпкер Болат Өтемұратов та бар. Оның байлығы 5,4 миллиард долларға бағаланған.
Тізімге KAZ Minerals компаниясының акционері Владимир Ким де кірген. Forbes оның байлығын 5,9 миллиард доллар деп бағалайды.
Ал Freedom Holding Corp. компаниясының негізін қалаушы Тимур Турловтың байлығы 5,2 миллиард долларды құрайды. Биыл оның капиталы 600 миллион долларға азайғаны айтылды.
Әлемдегі миллиардерлер саны
Forbes мәліметінше, 2025 жылы әлем бойынша 3428 миллиардер тіркелген. Олардың жиынтық байлығы 20,1 триллион долларға жеткен.
Миллиардерлер саны бойынша АҚШ бірінші орында тұр – 989 адам. Екінші орында Қытай (610 миллиардер), үшінші орында Үндістан (229 миллиардер).
Ал әлемдегі ең бай адам – Tesla және SpaceX компанияларының иесі Илон Маск. Оның байлығы 839 миллиард долларға бағаланған.





