Польшада жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен қазақстандық Екатерина Шилова өлі табылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Марқұмның туысының айтуынша, әйелдің өліміне байланысты бір адам күдікпен ұсталған. Алдын ала мәлімет бойынша, Екатерина Шилова кісі қолынан қаза тапқан болуы мүмкін. Тергеу мүддесіне байланысты басқа мәліметтер әзірге жарияланбай отыр.
Қазіргі уақытта марқұмның туыстары жерлеу рәсімін ұйымдастыру үшін қаражат жинап жатыр. Олардың айтуынша, бұл үшін қомақты қаражат қажет.
Айта кетейік, шетелде жұмыс істеген 43 жастағы қазақстандық Екатерина Шилова ақпан айының соңында туыстарымен байланысқа шығуды тоқтатқан. Жоғалған күні ол Варшавадан Астанаға ұшуы тиіс болған, алайда ұшаққа отырмаған.
Туыстарының айтуынша, сол күні Екатерина әпкесіне ұшпайтынын және Германияда жақсы жұмыс тапқанын жазған. Бұл хабарлама жақындарын алаңдатқан. Осыдан кейін онымен байланыс толық үзіліп кеткен.





