Алдағы уақытта Астана опера театрында «Қыпшақ қызы Аппақ» атты жаңа туынды көрермен назарына ұсынылады. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын-композитор Тілеуғазы Бейсембектің либреттосы бойынша сахналанатын қойылым Шығыс жұлдызы, Әзірбайжанның әйгілі ақыны Низами мен Қыпшақ аруы Аппақтың өлмес махаббатын арқау етеді. Операның музыкасын қос композитор Сержан және Әлібек Әбдінұровтар жазған. Сонымен қатар шығармада ежелден тамырласқан екі елдің достығы айқын көрініс табады.
Тілеуғазы Бейсембек 1942 жылы 8 қаңтарда Жетісу облысы, Сарқан ауданы, Көкжиде ауылында дүниеге келген. 1968 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген.
Еліміздің мәдениеті мен әдебиетіне елеулі үлес қосқан ағамызды танып-білгенімізге жарты ғасырға жуық уақыт өтіпті. Жоғары оқу орнынан кейін Қарағанды облысында мәдениет саласында қызмет атқарып, саз өнері мен сөз өнерін ұштастыра білген талантты жерлесіміз өткен ғасырдың 80-ші жылдары Талдықорғанға оралып, облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары, облыстық филармонияның директоры сынды лауазымда абыройлы қызмет атқарды. Бүгінгі таңда Астана қаласында тұрады.
Тілеуғазы Бейсембектің әдеби көкжиегі де кең. Оқырман сүйіспеншілігіне бөленген лирикалық өлеңдері тұңғыш «Бастау» жинағында көрініс тауып, «Адалдық», «Қыңыр лақ» жинақтары арқылы балалар әдебиетінде өз қолтаңбасын қалдырды. Кейінгі жылдары мерзімді баспасөзде жарияланған шығармаларының да шынайылығымен, шымырлығымен оқырманын баурап алғанына сан мәрте куә болғанбыз. Қай жанрда жазса да ол поэзия мен музыканы бір арнаға тоғыстыруға ұмтылатын.
– Жыр жазғанда күні-түн көрмей
тыным,
Шеберліктің
шыңы ғой өрлейтінім.
Естіртемін кереңге естімесін,
Көрсетемін соқырға көрмейтінін.
Ән сүймеймін дегенің наз шығар, ә?
Бәлкім, саған ұнайтын аз шығар ән.
Олай болса, ғашық қып барлық үйге,
Жүрегіңді толқытар ән шығарам, –
деп ол өз өлеңдерінде аңқылдақ ақжарма қалпынан айнымайды.
– Көлеңкесі ғана түсіп басыңа,
Қонған емес дәл осылай шуақ-құт.
Бетіңе опа жақпап едің жасыңда,
Әжімдермен опалапты уақыт.
Тапшы еді ішетұғын асың да,
Қиындықсыз келген жоқ қой
бұл бақыт.
Күміс сырға тақпап едің жасыңда,
Самайыңды күмістепті уақыт.
Бұл уақыт өз дегенін істеді,
Азайыпты бойыңдағы қуатың.
Маған деген махаббатың күшті еді,
Соны ғана жеңе алмапты уақыт, – дейді ақын ағамыз жап-жас кезінде жазған «Ана» атты өлеңінде. Осы түйінді де соны ойды көтерген туындыдағы шендестіру, салыстыру, метафора, теңеулердің халықтық сипатпен ұштасуы ақындық қуат емес деп кім айта алар?!
Қазақ поэзиясындағы Тілеуғазы Бейсембек салған өрнектің іргелі туындымен жалғасқаны, тарихи тақырыпқа либретто жазылып, оның үлкен сахнада қойылуы жерлестері үшін зор мақтаныш.
Жомарт ИГІМАН,
ақын, Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты





