Қазақтың тұрмысында сандық тек зат сақтайтын бұйым емес. Ол – отбасы дәстүрінің, эстетикалық талғамның және тарихи жадының көрінісі. Этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібеков еңбектерінде осы қарапайым бұйымның терең мәдени мәні жан-жақты талданады.
Қазақ этнографиясын зерттеуде ерекше із қалдырған мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібеков ұлттық мәдени мұраны жүйелі түрде зерттеп, оны жаңғыртуға зор үлес қосты. Оның еңбектерінде дәстүрлі тұрмыс бұйымдары халықтың мәдени болмысын танытатын маңызды дерек көзі ретінде қарастырылады. Солардың бірі – сандық.Ғалым сандықтың әлеуметтік мәніне ерекше назар аударады. Қазақтың көне дәстүрінде қыз жасауы арнайы сандыққа салынып, ұзатылған қызбен бірге жаңа шаңыраққа жеткізілген. Сандықтың ішіне ұлттық киімдер, зергерлік әшекейлер, кестелі төсек-орын және тұрмыстық бұйымдар салынған. Осы арқылы сандық қыздың жаңа өмірге қадам басқанын білдіретін символдық мәнге ие болды. Оның көлемі мен әшекейленуі отбасының әлеуметтік мәртебесін де аңғартқан. Сондай-ақ, ол сандықты қолданбалы өнердің көркем туындысы ретінде де бағалайды. Сандық жасау барысында ағаш өңдеу технологиясы, материал таңдау және өрнек салу тәсілдері ерекше шеберлікті талап еткен. Көбіне қарағай, қайың, терек ағаштары пайдаланылған. Ағаш арнайы кептіріліп, жарықшақ түспейтіндей өңделген. Кейбір үлгілерде шегесіз құрастыру тәсілі қолданылып, бұл қазақ шеберлерінің кәсіби деңгейін айқын көрсеткен.
Сандықтың көркемдік жүйесінде ою-өрнек ерекше орын алады. Қошқар мүйіз, ромб, шеңбер секілді өрнектер үйлесімді симметрия заңдылығымен орналастырылған. Мұндай өрнектер молшылықты, берекені және ұрпақ жалғастығын білдіретін символдық мағынаға ие. Зерттеуші мұны ұлттық мәдени кодтың материалдық көрінісі ретінде бағалайды. Ғалым сандықтардың аймақтық ерекшеліктерін де атап көрсетеді. Мәселен, Батыс Қазақстанда темір құрсаумен көмкерілген бедерлі сандықтар кең тараса, Оңтүстік өңірлерде ашық бояумен әшекейленген үлгілер жиі кездеседі. Ал Жетісу өңіріндегі сандықтарда өрнектердің симметриясы мен композициялық үйлесімі айқын байқалады. Бұл әр өңірдегі шеберлік дәстүрінің ерекшелігін көрсетеді.
1970-1980 жылдары ұлттық мұраны сақтау мәселесі күрделі кезеңде тұрған кезде Өзбекәлі Жәнібеков дәстүрлі бұйымдарды музей қорларына жинақтау ісін бастамашылықпен қолға алды. Этнографиялық экспедициялар ұйымдастырылып, халық шеберлері анықталды, қолданбалы өнер көрмелері өткізілді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде сандық сияқты көне бұйымдар ғылыми айналымға енгізіліп, ұлттық мәдениеттің маңызды белгісі ретінде танылды.
Сандық – қазақ тұрмысындағы қарапайым бұйым ғана емес, халқымыздың тұрмыс салтын, отбасы құрылымын, көркемдік талғамын және тарихи жадысын бейнелейтін мәдени құндылық. Өзбекәлі Жәнібековтің зерттеулері осы мұраны ғылыми тұрғыда тануға және ұлттық мәдениеттің сабақтастығын сақтауға үлкен жол ашты.
Меруерт ӘЛІМБЕК,
Темірбек Жүргенов атындағы
Қазақ ұлттық өнер академиясы
өнертану факультетінің 3-курс студенті





