Аймақ тұрғындарының сұранысына байланысты биыл Жетісу облысының орталығындағы жаңадан бой түзеген тұрғын үй алаптарына 36 жаңа аялдама орнатылмақ.
Жауаптылардың сөзінше, қазіргі уақытта Талдықорған қаласы бойынша 282 аялдама бар. Оның 21-і смарт аялдамалары. Аталған смарт аялдамалары 2018 жылы ел игілігіне берілгенімен, сапасы сын көтермей, өңір тұрғындарының наразылықтарын тудырып келген.
Өткен жылы қала әкімінің тапсырмасымен бұл аялдамаларды заман талабына сай жабдықтап, 5 жылға сенімгерлік басқаруға беру шешімі бойынша қайта жөндеуден өткізу жұмыстары басталған. Нысандарды жаңарту ісі биылғы жылы толық аяқталмақ.
Сонымен бірге, қаладағы ескі аялдамалар тегіс жаңартылып, шаһардағы шағын аудандарда жаңасын қою жұмыстары жалғасады.
– Талдықорғанда орнатылатын бұл аялдамалардың барлығы ұлттық ою-өрнектермен нақышталып, шаһар көркіне көрік қоспақ. Сондай-ақ, қаладағы көлік ағымы көп аумақтарға тағы 4 бағдаршам қойылмақ, – дейді сала басшылары.
Айдын КӘЛІМХАН





