ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Астана қаласындағы «Қазақстан темір жолы» ғимаратында орналасқан №128 сайлау учаскесінде дауыс берді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Дауыс беру рәсімінен кейін Мәжіліс төрағасы референдумның ашық әрі әділ өтетініне сенімді екенін айтты. Оның сөзінше, елдің барлық өңірінде ұйымдастыру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізіліп жатыр.
Ерлан Қошанов референдум қарсаңында бірқатар аймақтарды аралап, халықпен кездесулер өткізгенін атап өтті. Кездесулер барысында тұрғындардың көңіл күйі мен ұсыныс-пікірлерімен танысқан.
– Аймақтарды аралап, халықтың пікірін тыңдадық. Көпшілік ел болашағына бейжай қарамайтынын көрдік. Адамдар өз таңдауын жасап, маңызды шешімге жауапкершілікпен қарап отыр. Заңбұзушылық орын алмайды деп ойлаймын, – деді ол.
Сонымен қатар Мәжіліс төрағасы бүгінгі саяси науқан азаматтардың белсенділігі мен ел тағдырына деген жауапкершілігін көрсететінін атап өтті. Оның айтуынша, референдум ел дамуы үшін маңызды қадамдардың бірі болмақ.





