Ескелді ауданында Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу бойынша өтіп жатқан референдумға тұрғындар белсенді қатысуда. Ел болашағына қатысты маңызды саяси науқаннан ауыл шаруашылығы саласының өкілдері де тыс қалған жоқ.
Соның бірі №114 сайлау учаскесіне келіп дауыс берген «Дюсенбинов А.К» шаруа қожалығының ұжымы. Қожалықта еңбек ететін 25 қызметкер өздерінің конституциялық құқықтарын жүзеге асырып, азаматтық ұстанымдарын білдіру үшін сайлау учаскесіне бірлесе келіп дауыс берді.
Шаруа қожалық 1997 жылы құрылған. Алғашқы жылдары шаруашылық небәрі 30 гектар жерді игеріп, қолында екі ғана техника – трактор мен жүк көлігі болған. Уақыт өте келе еңбек пен табандылықтың арқасында кәсіпорын ауқымын кеңейтіп, ауданның ірі шаруашылықтарының біріне айналды.
Бүгінде Айдын Дюсенбиновтың жетекшілігімен қожалық шамамен 500 гектар суармалы жерді игеріп отыр. Мұнда дәнді дақылдармен қатар мал азығы да өсіріледі.
Шаруашылық қызметкерлерінің айтуынша, аграрлық сала өкілдері үшін елдегі тұрақтылық, мемлекеттің дамуы және ауыл шаруашылығын қолдау аса маңызды. Сондықтан референдумға қатысу – ел болашағына әсер ететін маңызды мәселелер бойынша өз пікірін білдірудің бір жолы.
«Дюсенбинов А.К» шаруа қожалығы ауданның алдыңғы қатарлы кәсіпорындарының бірі саналады. Ал ұжымның референдумға белсенді қатысуы – аграрлық сала еңбеккерлерінің ел тағдырына бейжай қарамайтындығын, мемлекет болашағына жауапкершілікпен қарайтынын көрсетеді.
«Жетісу-Ақпарат»





