Көктемнің шуағымен бірге жеткен Наурыз – табиғаттың ғана емес, халықтың рухани жаңғыруының да бастауы. Осындай мәні терең мереке аясында ұйымдастырылған мәдени шаралар ұлттық болмысты жаңаша зерделеуге жол ашып отыр.
Сол игі бастамалардың бірі – 18 наурызда аталып өткен Ұлттық киім күні. Айтулы күнге орай Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Ұлттық киім, ұлттық дәстүр» атты мазмұнды көрме ұйымдастырылып, көпшілікті өткеннің өнегелі өрнектерімен қауыштырды.
Көрмеге қойылған әрбір жәдігер – уақыттың үнсіз шежіресі. Әсіресе, қазақ әйелінің киелі бас киімі – кимешекке айрықша мән берілген. Себебі, кимешек тек тұрмыстық бұйым емес, ол аналықтың айғағы, инабат пен тектіліктің белгісі. Музейдің аға ғылыми қызметкері Айгүл Әлімбаеваның айтуынша, көрме Наурызнаманың онкүндігі аясында өтіп, ай соңына дейін жалғасады.
– Ұлттық киімнің мәнін тек көрсету жеткіліксіз, оны түсіндіру маңызды. Әсіресе, кимешектің әр өңірдегі ерекшелігі мен әйел жасына қарай өзгеретін үлгілерін таныстыру арқылы жас ұрпақтың танымын кеңейтуді көздейміз, – дейді ол.
Көрменің тағы бір ерекшелігі – дәстүр мен заманауи технологияның үйлесімі. Келушілер QR-код арқылы әр экспонат туралы толық ақпарат алып, өз бетінше таныса алады. Сонымен қатар зерттеуші Тілек Сұлтанның ғылыми еңбектеріне сүйене отырып жасақталған мазмұн LED экран арқылы ұсынылып, көрерменді терең ойға жетеледі. Бұл ұлттық мұраны жаңа форматта ұсынудың тиімді үлгісі.
Мазмұнды көрме Көркемөнер галереясында өткен ұлттық киім фестивалімен жалғасын тапты. Жетісу өлкетанушылар орталығы қоғамдық бірлестігі мен галерея ұжымы бірлесіп ұйымдастырған «Ұлттық киім – ұлт құндылығы» атты фестиваль көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Салтанатты шарада облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов сөз алып, ұлттық мұраның мәніне тоқталды.
– Мәдениет – мемлекеттің тірегі. Ал ұлттық киім – сол мәдениеттің айшықты көрінісі. Бүгінде біз ұлттық киімді тек мерекеде ғана емес, күнделікті өмірде де кию дәстүрін қалыптастырып келеміз. Бұл – ұлтқа деген құрметтің белгісі. Әсіресе, кимешек киген аналарды көргенде жүрекке жылылық ұялайды, – дей келе ол қазақтың рухани мұрасын жаңғырту жолында өлшеусіз еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің еңбегін ерекше атап өтті.
– Мен Өзбекәлі Жәнібековті ерекше құрмет тұтамын. Оның ұлттық киімге, соның ішінде кимешекке қатысты зерттеулері мен еңбектері – бүгінгі ұрпақ үшін баға жетпес мұра. Сол кісінің жазбаларын оқи отырып, қазақтың ұлттық киімінің мәніне тереңірек бойлауға болады. Сондықтан кимешек әр қазақ әйелінің басынан түспей, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырса екен, – деген тілегін білдірді.
Шара барысында «Аламан құрақ» республикалық жобасына қатысқан облыстың қолөнер шеберлері «Дүниежүзілік рекордтар кітабына енген» арнайы медальмен марапатталды.
Фестиваль аясында ұсынылған әрбір ұлттық киім үлгісі – бір дәуірдің көрінісі. Қыз жасауы, келін киімі, аналардың кимешегі – барлығы да өзіндік мәнге, өзіндік мазмұнға ие. Бұл – ұлттың тек сыртқы келбеті емес, ішкі мәдени кодының көрінісі.
Бүгінде ұлттық киімге деген қызығушылықтың артып келетіні рухани жаңғырудың нақты көрінісі. Себебі қазақы киім – жай ғана сән емес, ол – халықтың өмір салты, әлеуметтік құрылымы, дүниетанымы мен эстетикалық талғамының айнасы.Ұлттық киім – өткеннің жұрнағы емес, болашақпен жалғасқан рухани көпір. Оны сақтау – тарихты сақтау. Оны ұлықтау – ұлтты ұлықтау.





