Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты ел тарихында бұрын-соңды болмаған амнистия жүргізуге бастамашылық жасады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бұл бастаманың басты ерекшелігі – қылмыстық жауапкершіліктен бөлек, алғаш рет әкімшілік құқық бұзушылықтардың да қамтылуы. Іс жүзінде бұл азаматтардың мойнындағы өтелмеген әкімшілік айыппұлдардың толық немесе ішінара есептен шығарылуын білдіреді. Қазіргі таңда Ішкі істер министрлігі Әділет министрлігімен бірлесіп, осы жеңілдікті жүзеге асырудың нақты тетіктерін әзірлеп жатыр.
Мамандар заң жобасы аясында айыппұлдарды кешіру тәртібі мен оған ілігетін тұлғалардың санатын анықтау үстінде. Рақымшылық шарасы мемлекет пен қоғам қауіпсіздігіне елеулі зиян келтірмейтін жеңіл құқық бұзушылық жасаған жандарға қолдау көрсетуді көздейді.
Амнистия барлық санатты қамтымайды. Қоғам үшін аса қауіпті саналатын қылмыс түрлері бойынша ешқандай жеңілдік қарастырылмаған. Атап айтқанда:
- Террористік және экстремистік әрекеттер;
- Сыбайлас жемқорлық және азаптау фактілері;
- Кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар.
Сонымен қатар, бұрын жасаған қателігін қайталаған рецидивистер мен тергеуден немесе соттан қашып жүрген тұлғаларға рақымшылық жасалмайды. Бұл мемлекеттің құқық үстемдігі мен әділдік принциптерін сақтауға деген нық қадамын көрсетеді.
Заң қашан күшіне енеді?
Жаңа заң жобасы парламенттік сессияның соңына дейін қабылданады деп сеніледі. Бұл қадам көптеген азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, оларға құқықтық алаңда жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған. Рақымшылық – мемлекеттің өз азаматтарына деген сенімі мен ізгілігінің көрінісі.





