Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5514 әскери бөлімінде «Заң мен тәртіп» акциясы аясында және бекітілген профилактикалық жоспарға сәйкес ауқымды құқықтық-тәрбиелік іс-шара өтті.
Шараның басты мақсаты – жеке құрам арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, әскери тәртіп пен заңдылықты нығайту, сондай-ақ құқықтық мәдениетті қалыптастыру. Жиынға бөлім басшылығы, 5514 әскери бөлімінің әскери полиция бөлімшесінің бастығы майор А. Гафуров, сондай-ақ Талдықорған гарнизоны әскери прокуратурасының аға прокуроры, әділет аға лейтенанты А. Алтай қатысып, мерзімді әскери қызметшілермен мазмұнды профилактикалық сұқбат жүргізді.
Кездесу барысында әскери қызметшілерге Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы, әскери жарғылар талаптары, қызмет өткеру тәртібі және құқықтық жауапкершілік мәселелері кеңінен түсіндірілді. Әсіресе, құқықбұзушылықтың түрлері мен оның салдары нақты мысалдар арқылы баяндалып, әрбір сарбаздың заң алдындағы жауапкершілігі ерекше атап өтілді.
Әскери прокуратура өкілі өз сөзінде әскери ортадағы тәртіптің маңыздылығына тоқталып, жарғылық емес қарым-қатынастарға, өзара сыйластықтың бұзылуына жол бермеу қажеттігін жеткізді. Ал әскери полиция бөлімшесінің бастығы майор А. Гафуров әскери қызмет барысында тәртіпті қатаң сақтау – әрбір әскери қызметшінің басты міндеті екенін атап өтті.
Сұқбат ашық диалог форматында өтіп, сарбаздар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Бұл өз кезегінде жеке құрамның құқықтық сауаттылығын арттыруға және құқықбұзушылықтың алдын алуға оң әсерін тигізді.
Мұндай іс-шаралар әскери бөлімде заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етудің маңызды тетігі болып табылады. Жеке құрам арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.
«Жетісу-Ақпарат»





