20 наурыз – Ұлттық спорт күніне орай Талдықорған қаласындағы Жастар спорт сарайында ерекше балалар арасында айтулы жарыс ұйымдастырылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
«Жанұя» отбасын қолдау орталығы мен «Таулы Қарабақ» соғыс ардагерлері ұйымының бастамасымен өткен шара ерекше қажеттіліктері бар балаларды қоғамға бейімдеуді және ұлттық құндылықтарды насихаттауды көздейді. Сайысқа «Жас Жауынгер Тұсаукесер» жобасы аясында жаттығып жүрген өрендер қатысып, асық ату мен арқан тартыстан бақ сынасты.
Жобаның Талдықорған қалалық филиалының өкілі Данель Уәлбай орталықта 20 бала тұрақты шынығатынын айтты. Ол жаттығу барысындағы басты ерекшеліктерге тоқталып:
«Бүгінде жаттығуға ДЦП, Даун синдромы және есту қабілеті бұзылған балалар қатысады. Жаттығу процесінде балаларға тізерлеп жүру, күрес және бокс элементтері үйретіледі. Мұндағы басты ұстаным – «балаларды спортқа емес, спортты балаларға бейімдеу». Бұл тәсіл әр баланың мүмкіндігіне қарай дамуына жағдай жасайды», – деді.
Маманның пікірінше, мұндай әдістеме әр баланың жеке қабілетін ашуға септігін тигізеді.
Шараның тәрбиелік мәні мен отбасы институтын нығайтудағы рөлі де назардан тыс қалмады. «Жанұя» отбасын қолдау орталығы басшысының орынбасары Ляззат Шайғалиева жарыстың маңыздылығын жоғары бағалады.
«Бүгінгі шара өте ерекше. Біздің мақсат – отбасы құндылықтарын дәріптей отырып, берік отбасы қалыптастыру. Бүгінгі шарада осы мақсатқа бір қадам жақындадық деп ойлаймын», – деді Ляззат Шайғалиева.
Оның айтуынша, бұл кеш балалардың рухын көтеріп, олардың болашаққа деген сенімін нығайтуға үлкен ықпал еткен.
Сайыс қорытындысы бойынша оқ бойы озық шыққан қатысушылар кубоктармен, медальдармен және алғыс хаттармен марапатталды. Дегенмен ұйымдастырушылар бұл күні бақ сынаған әрбір баланы жеңімпаз деп таныды. Данель Уәлбай жарыс барысындағы балалардың жігеріне тәнті болып: «Әрбір бала өз қабілетін көрсетіп, табандылық пен жігердің үлгісін көрсетті», – деп атап өтті. Ұлттық спорт арқылы ерекше балалардың қоғамдағы орны айқындалып, олардың өз-өзіне деген сенімі арта түскені анық.





