Наурыз мерекесі күндері еліміздің бірнеше өңірінде ауа райы күрт құбылып, көлік қозғалысына кедергі келтіріп жатыр. 23 наурыз түнгі сағат 00:00-ден бастап республикалық маңызы бар автожолдардың бірнеше учаскесінде қозғалысқа шектеу енгізілді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарында қалың тұман түсіп, жолдың көріну деңгейі төмендеген. Осыған байланысты қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында жүк көліктері мен қоғамдық көліктердің қозғалысы уақытша тоқтатылды.
Қай бағыттарда шектеу бар?
Қазіргі таңда келесі жол учаскелері жабық тұр:
- Ақмола облысы: «Астана – Қарағанды – Алматы» тас жолының 30-92 шақырымы (Жібек жолы ақылы бекетінен Қарағанды облысы шекарасына дейін) және «Астана – Шідерті – Павлодар» бағытының 16-200 шақырымы.
- Қарағанды облысы: «Астана – Қарағанды – Алматы» трассасының 92-164 шақырымы (Ақмола облысы шекарасынан Теміртау ақылы бекетіне дейін).
- Павлодар облысы: «Астана – Шідерті – Павлодар» жолының 200-254 шақырымы (Ақмола облысы шекарасынан Шідерті кентіне дейін).
Мамандардың айтуынша, аталған жолдар 23 наурыз күні таңғы сағат 09:00 шамасында қайта ашылады деп жоспарланған. Алайда нақты уақыт ауа райының оңалуына байланысты өзгеруі мүмкін.





