Жетісу облысында қарлы боранда қалған 12 адам құтқарылды. Оқиға өңірдегі Алакөл ауданына қарасты «Үшарал-Достық» бағытындағы Теректі тас жолының бойында болған.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, аймақта соңғы күндері толассыз жауған қалың қармен қабаттаса соққан жел және үскірік аяз өңір тұрғындарын ауық-ауық әбігерге салуда. Бұл жолы «Үшарал-Достық» Теректі учаскесі аумағындағы күре жолда 6 жүк және 2 жеңіл автокөлік қар құрсауында қалып, құтқарушылар көмегіне жүгінген. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан оқиға орнына жеткен құтқаршылар көліктерден 12 адамды аман алып шығып, Достық станциясындағы қауіпсіз жерлерге жеткізген. Боранда қалған азаматтардың барлығы дін аман.
Осыған байланысты өңірдегі төтенше жағдайлар департаменті азаматтарға қолайсыз ауа райы кезінде алдын ала жасалған ескертулерге құлақ асып, ұзақ жолға шықпауын сұрайды.
Айдын КӘЛІМХАН





