Бастапқы кезеңде шамамен 700 млн доллар көлемінде цифрлық активтер портфелін құру қарастырылуда.
Ұлттық банк сауалға берген жауабында әңгіме нақты белгіленген параметрлер мен тәуекел деңгейлері бар шектеулі криптопортфель қалыптастыру туралы екенін мәлімдеді.
Бастапқы кезеңде шамамен 700 млн доллар көлемінде цифрлық активтер портфелін құру қарастырылуда. Оның 350 млн доллары алтын-валюта резервтері есебінен, тағы 350 млн доллары Ұлттық қор қаражатынан бөлінуі мүмкін. Екі жағдайда да бұл тиісті активтердің шамамен 0,5 пайызына тең.
Мұндай тәсіл халықаралық резервтердің тұрақтылығы мен өтімділігін бұзбай, қарқынды дамып келе жатқан нарық сегментіне қатысуға мүмкіндік береді. Болашақта крипторезервке салынатын инвестиция көлемі 1 млрд долларға дейін ұлғаюы мүмкін, – делінген Ұлттық банктің редакциямыздың ресми сауалына берген жауабында.
Реттеуші органның мәліметінше, криптовалюталарға тікелей инвестициялар шектеулі болады және тәуекел профилі мен белгіленген лимиттерге сәйкес жүзеге асырылады. Негізгі басымдық әртараптандырылған тәсілге беріледі: портфельге тек цифрлық активтер ғана емес, сонымен қатар туынды қаржы құралдары мен криптоиндустрияда жұмыс істейтін компаниялардың акциялары да енгізілуі мүмкін.
Инвестицияларды басқару Ұлттық банктің еншілес ұйымы – «Ұлттық инвестициялық корпорация» АҚ-ға жүктеледі. Портфельдің тиімділігі жыл сайын бағаланатын болады.
Сондай-ақ цифрлық активтерді есепке алу мен сақтау қызметін Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі қамтамасыз етеді. Үкімет тәркіленген цифрлық активтерді крипторезерв құрамына беру және оларды әрі қарай пайдалану тетіктерін де қосымша қарастыруды жоспарлап отыр, – деп жауап берді Ұлттық банк.
Ұлттық банктің пікірінше, Ұлттық стратегиялық крипторезерв құру халықаралық резервтерді әртараптандыру мен елдің цифрлық инфрақұрылымын дамыту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болмақ.
Дереккөз: BAQ.KZ





