Наурыз – қазақ халқының рухани өмірінде ерекше орын алатын, ұлттық құндылықтар мен ізгі дәстүрлерді дәріптейтін ұлы мереке. Бұл мейрам тек табиғаттың жаңаруы мен жаңа жылдың басталуын білдіріп қана қоймай, сонымен қатар жас ұрпаққа тәлім-тәрбие берудің маңызды құралы.
Бүгінгі таңда білім беру жүйесінде тұлғаның жан-жақты дамуына, оның ішінде ұлттық тәрбиеге ерекше көңіл бөлінуде. Осы тұрғыда сынып жетекшінің атқаратын рөлі зор. Сынып жетекші – оқушының тек білім алуына ғана емес, оның рухани-адамгершілік тұрғыдан қалыптасуына ықпал ететін негізгі тұлға.
Наурыз мерекесін атап өту барысында оқушыларға халқымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары кеңінен насихатталады. Атап айтқанда, «көрісу», «шашу шашу», «тұсау кесу», «бесікке салу» сияқты дәстүрлер арқылы балалардың бойында үлкенге құрмет, кішіге ізет, мейірімділік пен жауапкершілік қасиеттері қалыптасады. Бұл – ұлттық тәрбиенің негізі болып табылады.
Сонымен қатар, Наурыз мерекесі – бірлік пен татулықтың, ынтымақтастықтың символы. Мерекелік іс-шаралар барысында оқушылар топтық жұмыстарға қатысып, ортақ мақсатқа жету жолында өзара ынтымақтастық танытады. Бұл олардың коммуникативтік дағдыларын дамытып, бірлікте жұмыс істеу қабілеттерін арттырады.
Мұғалім Наурыз мерекесін ұйымдастыру арқылы оқушылардың шығармашылық қабілеттерін де дамыта алады. Ұлттық ойындар, көріністер, ән мен би, қолөнер көрмелері – мұның барлығы оқушының өзін-өзі танытуына мүмкіндік береді.
Ұлттық мереке жас ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарды сіңірудің, олардың рухани дүниесін байытудың тиімді құралы. Ал сынып жетекшінің басты міндеті – осындай тәрбиелік маңызы зор іс-шараларды жүйелі ұйымдастыру арқылы саналы, тәрбиелі, елжанды тұлға қалыптастыру.
Қарлығаш Акимханова,
М.Маметова атындағы орта мектептің мұғалімі





