Домбыра – қазақ халқының ұлттық музыка мәдениетінің өзегін құрайтын, ұлттың тарихи жадын, дүниетанымын, эстетикалық талғамын және рухани болмысын бойына жинақтаған бірегей аспап. Ол ғасырлар бойы қазақ қоғамында тек музыкалық қызмет атқарып қана қоймай, әлеуметтік, тәрбиелік, танымдық және коммуникативтік функцияларды қатар орындап келген. Сондықтан домбыраны қазақ халқының рухани коды деп қарастыру – оның мәдени мәнін үстірт бағалау емес, тарихи-мәдени шындыққа негізделген тұжырым.
Аспаптың шығу тарихына зер салсақ, тарихы тым тереңде жатыр. Археологиялық және этнографиялық деректер домбыра тектес шертпелі аспаптардың қазақ даласында ерте заманнан-ақ кең тарағанын көрсетеді. Қазақстан аумағынан табылған көне петроглифтерде екі ішекті, ұзын мойынды аспап бейнелері кездеседі. Бұл бейнелер домбыраның архаикалық үлгілерінің болғанын дәлелдейді.
Домбыраның нақты бір уақытта, белгілі бір тұлға тарапынан жасалған аспап емес, ұзақ тарихи эволюция нәтижесінде қалыптасқан халықтық аспап екенін атап өту маңызды. Оның құрылымы, дыбыстық мүмкіндіктері, орындаушылық тәсілдері қазақ халқының өмір салтымен, табиғатпен қарым-қатынасымен және әлеуметтік құрылымымен тығыз байланыста дамыды.
Оның екі ішекті болуы кездейсоқ емес. Бұл – қазақ дүниетанымындағы қосарлылық ұғымымен (жақсылық пен жамандық, күн мен түн, өмір мен өлім) сабақтас символдық мәнге ие. Ал аспаптың ағаштан жасалуы табиғатпен үйлесімділікті білдіреді. Домбыра – табиғаттан алынған материал арқылы табиғатты, адам тағдырын, қоғамды бейнелейтін құрал.
Халқымыздың көшпелі өмір салты домбыраның қалыптасуына шешуші ықпал етті. Көшпелі қоғамда ақпаратты жазбаша түрде сақтау мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, ауызша мәдениет негізгі коммуникация құралына айналды. Осы жағдайда домбыра ақпаратты жеткізудің, тарихи оқиғаларды, әлеуметтік құбылыстарды бейнелеудің сенімді тәсілі болды.
Домбыра ауызша дәстүрмен ажырамас бірлікте дамыды. Қазақ мәдениетінде ауызша дәстүр – тек сөз арқылы емес, әуен, ырғақ, интонация арқылы ақпарат жеткізу жүйесі. Осы жүйеде домбыра негізгі музыкалық құрал қызметін атқарды. Домбыраны қазақ халқының рухани коды ретінде қарастыру оның тарихи, мәдени және дүниетанымдық маңызын терең түсінуге мүмкіндік береді. Домбыра – уақыт пен кеңістікті байланыстыратын, ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастықты қамтамасыз ететін мәдени феномен. Ол арқылы қазақ халқы өз тарихын, болмысын, көзқарасын музыкалық формада сақтап, келер ұрпаққа жеткізді.
Өзім еңбек етіп келе жатқан саз колледжіндегі домбыра пәнін оқыту барысында осы рухани мәнді студент санасына жүйелі түрде жеткізу – орындаушылық шеберлікті қалыптастырумен қатар, кәсіби музыканттың ұлттық мәдениетке деген жауапкершілігін арттырады. Домбыраның рухани код ретіндегі мәнін түсінген студент оның заманауи интерпретацияларын да саналы түрде, дәстүрге сүйене отырып жүзеге асыра алады.
Қазақ дүниетанымында уақыт сызықтық емес, циклдік сипатта қабылданады. Бұл түсінік домбыра күйлерінің құрылымында айқын байқалады. Көптеген күйде музыкалық ой бір тақырыптан басталып, дамып, қайтадан бастапқы интонацияға оралады. Бұл – өмірдің үздіксіз айналымын, табиғи тепе-теңдікті бейнелейді. Домбыра қазақ қоғамында әлеуметтік пікір білдірудің қауіпсіз әрі ықпалды құралы болды. Ашық айтылуы қиын ойлар күй арқылы жеткізілді. Бұл әсіресе тарихи кезеңдерде – саяси қысым, әлеуметтік теңсіздік жағдайында айқын байқалды.
Тамыры терең тарихымызға зер салсақ, домбыра арқылы наразылық білдірілді, әділетсіздік әшкереленді, ел бірлікке шақырылды,тұлғаларға баға берілді. Бұл тұрғыда домбыра музыкалық журналистика қызметін атқарды деуге болады. Осы аспектіні саз колледжінде оқыту студенттің музыкаға әлеуметтік жауапкершілікпен қарауын қалыптастырады. Домбырамен жұмыс істеу процесі білім алушының тұлғалық қасиетін де қалыптастырады. Ұзақ күйді меңгеру, дыбысты бақылау, ішкі тыныштыққа жету – психологиялық тұрақтылықты дамытады.
Аталмыш пәннің тұлғалық әсерін де айта кетсек, домбырамен жүйелі жұмыс ең әуелі адамды ішкі тәртіп пен сабырға бейімдейді. Зейін мен тыңдау қабілетін арттырады. Эмоциялық интеллект қалыптастырады, кәсіби және тұлғалық жетілуіне жол ашады. Бұл қасиеттер заманауи музыкант үшін аса маңызды, себебі, бүгінгі орындаушы тек техникалық шебер ғана емес, эмоцияны басқара алатын, сахналық мәдениеті жоғары тұлға болуы тиіс.
Домбыраны қазақ халқының рухани коды ретінде оқыту – саз колледжіндегі осы пәннің мазмұнын тереңдетудің негізгі тетігі. Егер студент домбыраны тек аспап ретінде қабылдаса, оның орындаушылығы шектеулі деңгейде қалады. Ал домбыраны тарихи жад, дүниетаным, мәдени тәжірибенің көрінісі ретінде түсінсе, орындау сапасы да, интерпретация деңгейі де өзгереді.
Айнұр Нұрбергенова,
Қ. Байсейітов атындапғы саз
колледжінің домбыра пәні мұғалімі





