Тамыры тереңге кеткен тағдырлар болады. Олар уақыттың желіне шайқалмай, өмірдің дауылына иілмей, өз болмысының берік қазығын қағып үлгереді. Жанар Әнуарбекқызының ғұмыры дәл осындай салмақты да сабырлы, мағыналы жолдың көрінісіндей.
Көксу ауданына қарасты Мәмбет ауылында дүниеге келген ол, қарапайым еңбек адамдарының отбасында тәрбиеленді. Мал шаруашылығымен айналысқан ата-анасының жанында жүріп, жаз жайлауда, қыс қыстауда өткен балалық шақ оның бойына төзімділік пен еңбекқорлықты дарытты. Көпбалалы отбасының бесінші перзенті ерте есейіп, жауапкершілікті ерте сезінді.
– Мектепте орыс сыныбында оқыдым. Бірақ алдыма «ұлтыма жақын боламын» деген мақсат қойдым. Осы ұстанымымда тұрдым да. Бұған ата-анамның да өмір жолдары себеп болды. Анам да, әкем де қарапайым ауыл адамдары еді. Олар Мәмбет ауылының тумасы болмаса да, сол елді мекеннің өркендеуіне әл-дәрмендерінше еңбектерін сіңірді.Отбасында 7 қыз, 2 ұл тату өстік. Әкем мені ұл бала ретінде тәрбиеледі. Отбасылық құндылықтарды сақтау, ата-ананың борышын ақтау, еңбекке баулу тәрбиесін көріп өстім. Әкем: «Ауылға еңбегің сіңу керек, сырт жаққа басқа қыздар да кетті ғой, айналайын, сен осында қал», – деді. Мінезім ер баланың мінезіндей болғаннан кейін әкемнің жанында қалдым. Сөйтіп ұлдардың жұмысын істеп бойжеттім. Әкем мал бордақылаумен айналысты. Бордақылаған ірі-қараны сатып, бізді киіндірді, тамағымызды тапты, – деп кейпкеріміз өткен күннен сыр шертті.
Жанар бала күнінен еңбекке ерте араласты. Ол 8-сыныптан бастап атасы Мұқатай Молжановпен бірге шөп шабуға шығып, тіршіліктің тауқыметін жастайынан сезінді. Қолына шалғы алып, жалаң қолмен шөп шабатын. Кейде есекке мініп, қой бағып, қой қырқу сияқты ауыр жұмыстарды да тайсалмай атқарды. Мал күтімінің қыр-сырын меңгеріп, үлкен ақырдағы ыстық суға каролин қосып, қой-ешкіні күпкіге түсіруді де үйренді.
Жас болса да денесі ірі, қайратты еді. Әкесі кейде қызына сүйсіне қарап: «Әттең, қыз болып туғаның-ай, болмысың ер балаға келіп тұр», – деп әзіл-шыны аралас пікір білдіретін. Алайда оның мұндай болмысы құрбы-құрдас қыздардың мазағына да себеп болатын. Сырт көзге сыр бермегенімен, үйге келгенде іштей қысылып, өзін ыңғайсыз сезінетін. Бірақ үлкендердің өнегесіне қарап, қайтадан жігерін жинап, өз бағытына түсетін.
Менің намысшыл, еш жұмыстан қашпайтындығымнан ба екен нағашы атам үнемі «сен қыздан бірдеңе шығады» деп айтып отыратын. Осы сөз жүрегіме демеу болды ма қайдам, әйтеуір, ауыр болса да құсшы болып жұмыс істедім.
Алғашында атасы барлық жұмысқа өзі араласып, немересіне бағыт-бағдар беріп жүрді. Уақыт өте келе жасы ұлғайған соң, ауыр тірліктің басым бөлігі Жанардың иығына түсті. Ол атасының жанында жүріп, бұлақ байлап, жоңышқа суаруды да меңгерді. Қораның қиын ою мен шаруаның сан алуан бейнеті де оған таңсық емес еді.
– Мектеп бітіргеннен кейін жоғары оқу орнына түсе алмай қалдым. Оқуға тапсыруға барып, үшінші емтиханнан құлап қалдым. Одан сағым сынбады. Керісінше намыстанып, қайтсем де оқуға түсуім керек деп өз-өзімді жігерлендірдім. Дайындық курсында оқуға даяр болдым. Оған дейін туған ауылыма қайтып, Үйрекбазға құсшы болып жұмысқа кірдім. Сол жердің басшысы үлкен кісі болатын: «Сен қыз баласың. Келешегіңді ойла. Мына жер қанша дегенмен құстың ортасы болғандықтан сасық, жұмысы ауыр болады. Бұл ер адамдардың істейтін жері», – деп мені қайта ойлануға жіберді. Ертеңінде қайта барып осы жерді таңдағанымды айттым. «Намыстанбайсың ба?», – деді. О «Жоқ», – дедім. Менің намысшыл, еш жұмыстан қашпайтындығымнан ба екен нағашы атам үнемі «сен қыздан бірдеңе шығады» деп айтып отыратын. Осы сөз жүрегіме демеу болды ма қайдам, әйтеуір, ауыр болса да құсшы болып жұмыс істедім, – дейді Жанар Кубиева.
Кейіннен Алматыға барып, оқуға түскенімен Желтоқсан оқиғасына қатысы бар деген жаламен нақты себепсіз оқудан шығып қалған Жанар ауылға оралып, еңбекке қайта араласты. Алма бақта алма жинады.
Өмірдің алғашқы мектебі – еңбек болса, екінші мектебі – білім. Жанар Әнуарбекқызы бұл жолда да табандылығынан тайған жоқ. Талғар ауыл шаруашылығы техникумында бухгалтер мамандығын меңгеріп, кейін Д. Қонаев атындағы университетте құқықтану саласында білімін толықтырды. Бұл оның болашақтағы мемлекеттік қызметтің іргетасын қалауы еді.
Оқуын тамамдаған соң Лабасы ауылдық кеңесінде қызмет атқаруға мүмкіндік алды. Алдымен ауылдық халық депутаттары Кеңесіне әскери-есептік үстелі бастығы болып қабылданып, сол кеңестің хатшысы қызметін атқарды.
Мемлекеттік қызметте адалдық, халықтың сенімі тұрғанын ұғындырамыз. Халықтың жұмысы әуелі аманат екенін алға тартамыз. Мемлекеттік қызметте ағаттық жасауға намыс жібермейді. Менің ішкі дүниемді сақтап қалған ата-апа, әке-шешенің тәрбиесімен бойға біткен намыс.
Ол 2001 жылы алғаш рет мемлекеттік қызметке ресми түрде тағайындалды. Сол кезеңде енгізілген тестілеуден сәтті өтіп, қызметін жалғастырды. Жалпы, оның мемлекеттік басқару саласындағы еңбек жолы 1987 жылдан бастау алып, содан бері үздіксіз осы салада қызмет етіп келеді.
1990 жылдар ел тарихындағы өтпелі кезең-тұғын. Осындай күрделі уақытта ауылдық округ әкімінің орынбасары қызметтерін атқару елге деген шынайы жанашырлықты талап етті. Ал аудандық деңгейдегі қызметтер – жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар, ішкі саясат салаларындағы басшылық оның ұйымдастырушылық қабілетін айқындай түсті.
2010 жылдан бастап Көксу ауданы әкімдігі аппаратындағы жауапты қызметтерде шыңдалып, бүгінде аудан әкімінің аппаратының басшысы ретінде абыройлы еңбек етіп келеді. Бұл бір күннің, бір жылдың жемісі емес. Мұны жылдар бойы жиналған тәжірибе мен адал еңбектің нәтижесі десек асыра айтпаймыз.
– Мемлекет деген сөздің артында үлкен дүние тұрғанын аңғардым. Ең бірінші, мұнда ел-жұртым тұр. Елім-жұртым дегенім ата-анам, туып өскен елді мекеннің тұрғындары. Ауылымның мұң-мұқтажын өтеп, экономикалық дамуды тоқтатпау алдыға қойған мақсаттарымның бірі еді. Ол кезде жаспыз ғой, осы іспен мақтанатынбыз. Мемлекеттік қызметкер деген былай айтқанда биік лауазым болатын. Әлі күнге дейін сол мақтаныш бойымда бар. Осы салада жүріп талай жаспен жүздесіп, жұмыс істедік. Әуелі олардың мақсатын айқындауға үлесімізді қосамыз. Мемлекеттік қызметте адалдық, халықтың сенімі тұрғанын ұғындырамыз. Халықтың жұмысы әуелі аманат екенін алға тартамыз. Мемлекеттік қызметте ағаттық жасауға намыс жібермейді. Ішкі дүниемді сақтап қалған ата-апа, әке-шешенің тәрбиесімен бойға біткен намыс. Қазақ айтады ғой «алдыңнан, артың таза болсын» деп. Артыма қарап іштей марқаямын. Істеген әр саламның жүгін абыроймен алып шыққаныма қуанамын. Темір қазығымның қағылған жері осы дүниелерге байланысты, – дейді ол.
Жанар Әнуарбекқызының еңбегі елеусіз қалған емес. Ол «Ауғанстаннан Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған. Бұл марапаттар оның ел дамуына қосқан үлесінің айғағы.
Әріптестері мен тұрғындар арасында ол өз ісіне адал, әділ әрі талапшыл маман ретінде құрметке ие. Қарапайымдылық, жауапкершілік және адамға деген жанашырлық аяулы жанның басты қасиеттері. Мемлекеттік қызметтің этикалық нормаларын қатаң сақтай отырып, халықпен тиімді диалог орната білуі – кәсіби шеберлігінің көрінісі.
– Мен үшін ең үлкен жетістік – атқарған жұмыстың нақты нәтижесін көру. Өз еңбегіңнің қоғамға пайдасы тиіп жатқанын сезіну кез келген маман үшін үлкен бақыт, – дейді біздің кейіпкер.
Өмір болған соң адам қажиды, ойға шомады. Кейіпкеріміз де талай рет тынымсыз тіршіліктің ортасында өз-өзімен қалып, бәрін таразылап көрген. Бірақ дәл сол ойлы сәттер оны әлсіреткен жоқ, қайта шыңдай түсті. Себебі, ол өз таңдауының жауапкершілігін терең түсінетін. Қоғам алдындағы міндеті мен отбасы алдындағы парызының арасынан тепе-теңдік табуға тырысқан жанның ішкі әлемі осылайша толқып, толыса түсті.
– Ең біріншіден мен әйелмін. Отбасым бар. Мемлекеттік қызмет болған соң балаларыма дұрыс көңіл бөле алмай қалдым-ау, ата-анама дұрыс қарайлай алмадым-ау деген іштей қиналыс, жүрек ауыратын кездерді де бастан өткердік, – деген пікір білдірді. Бұл сырт көзге байқала бермейтін, бірақ әрбір жауапты әйелдің ішінде жүретін үнсіз күрес еді.
ТҮЙІН: Адам өмірінде әркімнің өз қазығы болады. Бірі оны мансаптан табады, бірі атақтан, енді бірі өткінші дүниелерден іздейді. Ал Жанар Әнуарбекқызының қазығы – адал еңбек пен ар алдындағы тазалыққа қағылған. Оның тағдыр жолына үңілсеңіз, бұл қазықтың кездейсоқ қағылмағанын аңғарасыз: ол бала күнгі бейнеттен, әкенің аманатынан, ананың ақ сүтінен, ауылдың қарапайым тіршілігінен бастау алған.
Медет ЖҰМАБАЙ





