Көксу, Ескелді, Кербұлақ аудандарында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында «7 өзен» шарасы өтіп, өзен жағалауы тазартылды.
Балпық би кенті маңындағы Көксу өзенінің жағалауында облыстық экологиялық акцияның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жиында облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сайлаубай Бәзілов, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Мәлік Бейсенов сөз сөйлеп, игі шараның маңыздылығына тоқталды.
– Бірінші кезеңде екі аудан мен екі қаланы басып өтетін Қаратал өзенінің жағасын тазарттық. Қазір Көксу ауданынан басталып, Ескелді және Кербұлақ аудандарына дейін созылатын Көксу өзенінің жағалауын ретке келтірудеміз. Оған қоса, ауылдарға көшет отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Экологиялық акцияға белсенді түрде атсалысқан барша қатысушыға алғыс айтамын. Айналамызды айнадай таза, ұқыпты ұстасақ Жетісудың сұлулығы мен қайталанбас табиғатын бірге сақтаймыз, – деді Марлен Қапашұлы.
Кербұлақ, Көксу, Ескелді аудандарынан мыңнан астам белсенді тұрғын 26 арнайы техниканың көмегімен 85 тонна қатты тұрмыстық қалдық жинап, қоршаған ортаны тазартты. Сондай-ақ, осы 3 ауданның елді мекендеріне 780 қылқан жапырақты ағаш көшеті отырғызылды.
Жұртшылық тарапынан зор қолдауға ие болған бағдарлама облыстың барлық ауданы мен қаласын қамтыды. Осы күні ауа райы қолайлы болған соң, облыстың басқа да аудандары мен қалаларында тазалық, абаттандыру, ағаш отырғызу бойынша сенбілік өтті. Оған 7 мыңнан астам адам қатысып, 120-дан астам арнайы техника жұмылдырылды. Бірлескен жұмыстың арқасында 450 гектар жер тазартылып, 900 тоннадан астам қалдық полигонға шығарылды. 2200 қылқан жапырақты және жалпақ жапырақты ағаш көшеті отырғызылды.
4 сәуірге жоспарланған «7 өзен» аймақтық экологиялық акциясының үшінші кезеңі Ақсу өзенінде өтеді.
Айдар ҚАЛИЕВ





