Нашақорлық – қоғамның дерті. Есірткіге қарсы күресу – тек мемлекеттік органдардың емес, әрбір қоғам мүшесінің міндеті. Ғасыр уытына жас жеткіншектер әуес келеді. Еститін құлақ пен көрер көзге есірткінің залалы туралы айтылып та, жазылып та келе жатыр. «Талдықорған жастары» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Жастарға қызмет көрсету орталығында «Taza Sana» атты «дөңгелек үстел» өтті.
Жиында құзырлы орган өкілдері жастарды нашақорлыққа қарсы болуға шақырды. Түрлі әдісті көрсетіп, саламатты өмір сүру мен есірткі тұтынушылар турасында ақпараттарды таразылады.
Білім беру мекемелерінің өкілдері, қоғамдық ұйымдар, жастар орталықтары және қаланың белсенді жастары қатысқан шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, есірткіге әуестік көп жағдайда білместіктен де басталады. Әсіресе жасөспірімдер қоршаған ортаның кері әсеріне шалынғыш келеді. Бір ерекшелігі нашақор басқаларды есірткіге әуестендіру әрекетін әдейі жасайды. Ғасыр уытына құмарлық өмір бойы сақталуы мүмкін.
– Қоғамда есірткіге қарсы иммунитетті қалыптастыруға бағытталған алдын алу іс-шаралары жүзеге асырылуда. Біз жастармен және өскелең ұрпақпен жұмыс істеудің жаңа жолдары мен әдістерін қолға алдық. Өтіп жатқан «Taza Sana» – жай ғана кездесу емес, саналы өмір салтын қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бастауы. Бұл диалог алаңында жастарға тек ақпарат бергеніміз жоқ, есірткі тұтынудың қоғам өміріне әсерін таразыладық, – дейді облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Дастан Мырзақұлов.
«Дөңгелек үстел» барысында қатысушылар нашақорлықтың алдын алудың заманауи әдістерін, отбасы мен қоғамның рөлін, сондай-ақ, психологиялық қолдаудың маңызын талқылады. Жастардың жеке жауапкершілігін дамыту мен өмірлік бағдарын дұрыс қалыптастыруға ерекше назар аударылды.
Қатысушылар талқылауға белсенді қатысып, пікірлерімен бөлісіп, өз ұсыныстарын білдірді. «Taza Sana» «дөңгелек үстелі» Талдықорған жастары арасында саламатты өмір салты мәдениетін нығайту мен нашақорлыққа қарсы іс-қимылды күшейтудің маңызды қадамына айналды.
Дастанбек САДЫҚ





