Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде Халықаралық еріктілер жылы аясында жүзеге асырылатын іс-шаралар жоспарына арналған брифинг өтті.
Жетісу облысында бүгінде 1000-нан астам ерікті тіркелген. Өңірде 13 волонтерлік ұйым мен 18 бастамашыл топ жұмыс істейді. Олар экология, әлеуметтік көмек, медицина, қайырымдылық және білім беру бағыттарында жобалар жүргізіп келеді.
«Мейірімді Жетісу» фронт-офисі еріктілерге әдістемелік және консультациялық қолдау көрсетеді. 2025 жылы 300 мың теңгелік шағын гранттар беріліп, нәтижесінде 4836 волонтерді қамтитын бірыңғай дерекқор жасақталған.
Жоба еріктілер арасында халықаралық тәжірибе алмасуға және өңірлердің мәдени-тарихи әлеуетін танытуға бағытталған. Оның аясында әр аймақта жүзеге асырылып жатқан бастамалар таныстырылып, еркін форматта пікір алмасу өтеді. Сонымен қатар жақын және алыс шетелдердегі волонтерлік қызметтің негізгі бағыттары талқыланып, секциялық кездесулер ұйымдастырылады. Бағдарламаға сәйкес қатысушылар Жаркенттен Алакөлге дейінгі маршрутпен сапар шегеді. Жол бойында аудандарға аялдап, өңірдің киелі орындары мен тарихи ерекшеліктерімен танысады. Бұл Жетісудың туристік және мәдени мүмкіндіктерін кеңінен насихаттауға жол ашады. Іс-шара Талдықорғанда қорытындыланып, гала-концерт өтеді. Қатысушылар қаладағы көрікті жерлер мен нысандарды тамашалайды. Оларға үш күн бойы көлік, тамақ және орналастыру толық қамтамасыз етіледі. Жобаны жүзеге асыруға 13 миллион 189 мың 655 теңге бөлінді, – деді Жетісу жастары ұйымының конгресі ЖҚБ төрағасы Дәулет Ауданбаев.
Биыл өңірде үш күндік халықаралық волонтерлер слетін өткізу жоспарланған. Оған еліміздің барлық өңірлерінен және ТМД елдерінен қатысушылар келеді деп күтілуде. Бағдарлама аясында оқыту сессиялары, тәжірибе алмасу алаңдары және әлеуметтік-экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылады.
Жоба маусым-тамыз айларында іске асырылады. Осы кезеңде экологиялық сенбіліктер, ағартушылық кездесулер және түрлі акциялар өтеді. Сонымен қатар «Student Help» волонтерлік апталығы, спорттық және танымдық іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланған.
Еріктілердің қатысуына жағдай жасау үшін мекемелерге ресми өтініш және ұсыныс хаттар жолданады. Әрі қарай әр қатысушының жұмыс орны басшылығының келісімі негізінде босатылу мәселесі қарастырылады. Белгіленген шарттарға сәйкес іріктелген азаматтар жобаға қатыса алады. Халықаралық еріктілер жылы аясында мұндай бастамаларға қызығушылық жоғары, қатысуға ниетті азаматтар саны да артып отыр, – деді «Жетісу жастары» КММ директоры Шамиль Ванкеев.
Еріктілер «Жер сағаты», «Дүниежүзілік автокөліксіз күні», «Қоршаған ортаны қорғау күні» және «Таза Қазақстан» акцияларына да қатысады. Халықаралық деңгейде «Эко-керуен» жобасын өткізу көзделген.
Жыл қорытындысында 5 желтоқсан – Халықаралық волонтерлер күніне арналған іс-шара ұйымдастырылады.
Жоба еріктілер қозғалысын дамытуға, жастардың белсенділігін арттыруға және қоғамдық бастамаларды қолдауға бағытталған.
Аяулым Шынгаева





