Жетісу облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылу барысы мен өңірдегі атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар сөз болды. Онда коммуналдық саланың болашағына қатысты маңызды мәселе баяндалды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жиынға Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жетісу облысы бойынша Департаментінің басшысы Думан Қалибеков қатысып, салаға салынып жатқан инвестициялар мен күтілетін нәтижелер туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
«Бүгінгі таңда ескірген желілер мен тозығы жеткен инфрақұрылым мәселесін шешу – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларына сәйкес, қазіргі уақытта инфрақұрылымның тозуын төмендетудің жаңа тетіктері іске қосылуда. Ұлттық жоба – жаңғыртудың жаңа моделі: әртараптандырылған қаржыландыру, ашық сатып алу, отандық өндірушілердің басымдығы және сандық бақылауға негізделген Оның айтуынша, атқарылып жатқан шаралар жай ғана науқан емес, жүйелі түрде жүзеге асатын стратегиялық қадамдар», – деді Думан Сейітқұлұлы.
Департамент басшысы 2026 жылы облыс көлемінде жүзеге асатын инвестициялық жобалардың нақты цифрларына тоқталды. Мәселен, электр энергетикасы саласында «Талдықорған акционерлік көлік электр желісі компаниясы» АҚ тарапынан электр желілері мен қосалқы станциялық жабдықтарды жаңғыртуға 8,8 млрд. теңге көлемінде инвестиция бағытталмақ. Бұл өңірдегі кәсіпкерлік нысандардың, оның ішінде туристік орталықтардың тұрақты электр қуатымен қамтылуына кепілдік береді. Сонымен қатар, жылу энергетикасы саласында «Талдықорғанжылусервис» КМК жылу желілерін жаңарту үшін 4,7 млрд. теңге жұмсауды жоспарлап отыр.
Туризм саласының мамандары мен жергілікті тұрғындар үшін сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің жай-күйі аса маңызды. Осы орайда, Текелі қаласындағы «Текелі су құбыры» кәсіпорнында желілерді жөндеуге 13,12 млрд. теңге бөлінген, оның ішінде кәріздік тазарту құрылыстарын жаңғыртуға 8,0 млрд. теңге қарастырылған.
«Жетісу Су Құбыры» кәсіпорнында өндірістік процестерді автоматтандыру үшін 2,6 млрд. теңге жұмсалады. Өңірдің туристік әлеуетін арттыруда маңызы зор Алакөл аймағында да «Алакөл Су» кәсіпорны арқылы сумен жабдықтау жүйесін жаңғыртуға 1,296 млрд. теңге инвестиция салынбақ. Панфилов, Ескелді және Қаратал аудандарында да миллиондаған қаржыға инфрақұрылымдық жобалар іске асырылады», – деп мәлімдеді департамент басшысы.
Тариф саясатына келетін болсақ, Департамент халықтың әлеуметтік жағдайын ескере отырып, инфляцияны тежеу бағытында жұмыс істеп жатыр. Мемлекеттік органдардың тапсырмасы бойынша 2026 жылғы 1 сәуірге дейін халық үшін тарифтер төмендетілген күйде сақталады. Нақтырақ айтсақ, сумен жабдықтау тарифі 9,1%-ға, ал газбен жабдықтау тарифі 10,7%-ға арзандады. Сонымен қатар, жылу мен су бойынша бұрын қолданыста болған әлеуметтік нормалар тоқтатылды. Тұтынушылардың басқа топтарына жүктемені қайта бөлу және әлеуметтік нормаларды тоқтату жолымен халық үшін тарифтер төмендетілді.
«Департамент тек инвестиция тартумен ғана емес, сонымен бірге монополистердің жұмысын қатаң бақылаумен де айналысады. 2026 жылдың бірінші тоқсанында тұтынушылардан 65 өтініш келіп түскен. Өткізілген тексерулер мен қабылданған шаралардың нәтижесінде тұтынушыларға келтірілген 8,227 млн. теңге көлеміндегі залал өтелді. Сондай-ақ, заңнама талаптарын бұзғаны үшін «Жетісу Су Құбыры» мекемесіне 3,46 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды», – деді спикер.
Жалпы алғанда, өңірдегі энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту жұмыстары кешенді сипатқа ие. Инвестициялық бағдарламалардың ашықтығы мен тиімділігі Департаменттің жіті қадағалауында тұр. Жаңа модель аясындағы бұл қадамдар алдағы уақытта облыс тұрғындары мен қонақтары үшін сапалы әрі сенімді қызмет көрсетудің негізі саналады. Спикердің айтуынша, жаңғырту жұмыстарының басты мақсаты – «Ақылды қалалар» тұжырымдамасына сай, заманауи және үнемді инфрақұрылым қалыптастыру.
Посмотреть эту публикацию в Instagram





