Елімізде 5 мыңға жуық дәрі-дәрмектің бағасы арзандады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлап, пациенттер үшін қолжетімді бола түскен нақты препараттардың тізімін жариялады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті пациенттердің қаржылық жүктемесін азайту және негізсіз үстемеақылардың алдын алу мақсатында дәрілік препараттарға шекті бағаларды қалыптастыру тетігін енгізген.
Нәтижесінде бөлшек саудада сатылатын шамамен 5 мың дәрілік заттың бағасы қайта қаралды. Тізімге жүрек-қан тамырлары жүйесінің созылмалы аурулары, тыныс алу органдарының аурулары, инфекциялық аурулар және басқа да кең таралған дерттерді емдеуге арналған препараттар енгізілген.
Қазіргі уақытта 4 994 сауда атауына шекті бағалар белгіленген. Фармацевтикалық қызмет субъектілері дәрілік заттарды осы белгіленген деңгейден асырмай сатуға міндетті.
Сонымен қатар 1 707 рецептісіз берілетін препарат мемлекеттік реттеуден шығарылып, нарықтық қағидаттар бойынша сатылып жатыр.
Еліміздің 20 өңірінде жүргізілген мониторинг нәтижесіне сәйкес, 2026 жылғы наурызда 2025 жылғы маусыммен салыстырғанда 631 атау бойынша баға орта есеппен 24,6%-ға төмендегені анықталған. Атап айтқанда, бірқатар дәрілердің бағасы айтарлықтай арзандаған:
– «Пренесса» 8 мг №30 таблеткалары – 18,3%-ға;
– «Сиалис» 20 мг №1 таблеткалары – 16,5%-ға;
– «Тамифлю» 75 мг №10 капсулалары – 14,5%-ға;
– «Периндоприл-Тева» 5 мг №10 таблеткалары – 24,3%-ға;
– «Энтекавир Вива Фарм» 0,5 мг №30 таблеткалары – 20,0%-ға төмендеген.
Комитет тарапынан еліміздің барлық өңірлерінде баға жағдайына тұрақты мониторинг жүргізілуде. Белгіленген шекті бағалардан асып кету фактілері анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 426-бабына сәйкес жауапкершілік қарастырылған. Азаматтар баға белгілеу бойынша ықтимал заңбұзушылықтар туралы DariKZ мобильді қосымшасы арқылы хабарлай алады немесе Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің өңірлік департаменттеріне жүгінуіне болады, – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.





