Талдықорған: +15°C
$ 470.46
€ 543.10
₽ 5.86
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР

Ақиқат пен аңызды тоғыстырған тұлға. Байшегір баба туралы толғау

04.04.2026
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ақиқат пен аңызды тоғыстырған тұлға. Байшегір баба туралы толғау
WhatsAppTelegramFacebook

Қазақтың Ұлы Даласында уақыт тозаңына көміліп, бірақ халық жадынан өшпей келе жатқан тұлғалар бар. Солардың бірі – Байшегір баба Тоқтыбекұлы. Ол – бір ғана рудың емес, тұтас бір дәуірдің рухани кескінін айқындап тұрған, тарих пен аңыздың, дерек пен тәмсілдің тоғысқан тұсындағы тұлға.

Байшегір баба және тарихи-этникалық кеңістік

Жалайыр – Ұлы жүздің «ноқта ағасы» атанған, мемлекет ісіне ерте араласқан, Шыңғыс хан дәуірінен бастап ірі саяси-әскери үдерістердің бел ортасында жүрген тайпа.

Байшегір баба – Жалайырдан тараған елдің бір бұтағы, бір рудың ғана атасы емес, заманның жүгін көтерген, уақыттың өзі таңбалап кеткен тұлға. Оның аты ру шежіресінде ғана емес, Түркістанның қасиетті топырағында, Аспараның қара тастарында, ұсталық көріктің ыстық жалынында жатыр. Ол – XIV-XV ғасырлар тоғысындағы түркі дүниесінің рухани дүниетанымын, билік пен әулиелік арасындағы нәзік тепе-теңдікті, жер мен көктің, ақиқат пен аңыздың байланысын бойына сіңірген тарихи адам.

Байшегір – жалайыр тайпасынан тарайтын ру. Әмір Темір дәуірінде Сыр бойын жайлаған бұл ру XVIII ғасырдың алғашқы жартысында Балқаш өңіріне қарай ойысып, Іле өзенінің оң жағалауын, Қапал уезінің солтүстік-батысын, Қаратал бойын қоныс еткен. Қыстаулары – Іле мен Балқаштың арасы, тіршілігі – мал шаруашылығы мен тоған бойындағы егіншілік. Ұраны – Қабылан, Бақтияр, таңбасы – тарақ. Ал Байшегір баба сол тайпаның рухани биігіне көтерілген перзенті. Ол қылыштың жүзі ғана емес, рухтың салмағы шешім қабылдаған дәуірдің кемеңгері. Оның есімі Түркістанның қасиетті кеңістігімен, Қожа Ахмет Иассауи кесенесі құрылысының тағдырымен тығыз байланысты. Ол – медреседе білім алған, діндар әрі байқуатты адам. Ел билігіне араласқан, жаугершілік заманда жұртын қорғаған би әрі батыр. Өз кіндігінен тараған төрт ұл арқылы, әулетінің іргесін бекіткен.

Иассауи кесенесінің салынуы

Байшегір баба өмір сүрген дәуір – қылыштың жүзі ғана емес, рухтың салмағы шешім қабылдаған алмағайып кезең еді. Осы тұрғыдан алғанда, оның есімінің Түркістанның қасиетті кеңістігімен, Қожа Ахмет Иассауи кесенесінің салыну тарихымен тығыз байланысуы заңды құбылыс. Байқуатты, дәулетті адам болуы Байшегір бабаның бұл тарихи құрылысқа тек рухани тұрғыдан ғана емес, нақты ісімен де үлес қосуына мүмкіндік берген. Ел аузындағы деректерде оның өз иелігінде мол жылқылары мен өзге де малдары болғаны, сол арқылы Қожа Ахмет Иассауи кесенесінің құрылысын жүргізіп жатқан шеберлер мен жұмысшыларды ас-су, азық-түлікпен қамтамасыз етуге қолдау көрсеткені айтылады. Бұл көмек бір реттік жомарттық емес, ұзаққа созылған құрылыс барысында тұрақты түрде атқарылған сауапты іс ретінде сипатталады. Осы тұрғыдан алғанда, Байшегір бабаның кесене құрылысына қатысуы тек уәж айтумен шектелмей, рухани жауапкершіліктің нақты әлеуметтік міндетке айналғанын көрсетеді. Ол өз дәулетін жеке игілікке емес, киелі іске, ортақ рухани мұраға қызмет еткізген тұлға ретінде көрінеді.

Шараф-әд-Дин Әли Йаздидің «Зафар намасында» келтірілген деректерге жүгінсек, Қожа Ахмет Иассауи кесенесінің құрылысы Әмір Темірдің тікелей пәрменімен басталып, оған Маулана Абдулла Садр мұқияттылықпен басшылық жасауға тағайындалған. Автордың айтуынша, құрылыс шамамен 2 жылға созылып, хижри 934 жылы (1399 ж.) аяқталған. Ғимарат құрылысы тамамдалған соң ұлан- асыр той жасалып, кедейлер мен мұқтаждарға мол садақа таратылған. Осы еңбекте кесене құрылысының 1397 жылдың желтоқсанында басталып, 1399 жылдың соңында аяқталғаны да нақты көрсетіледі.
Деректерді негізге ала отырып, кесене құрылысы басталған 1397 жылы Байшегір баба шамамен 24 жаста болған деген ауызша деректерді назарға алсақ, оның туған жылын 1373 жыл деп, ал Әмір Темір 1405 жылы дүние салғаннан кейін 50 жыл өмір сүрді деген ауызша деректерді зерделесек, Байшегір бабаның шамамен 1455 жылы, 82 жасында дүниеден өткенін болжауға негіз бар. Бұл есеп Байшегір бабаның тарихи уәж айтуға жас та болса, рухани тұрғыдан кемел шағында болғанын көрсетеді.

Құлаған қабырға және айтылған сөз

Байшегір бабаның есімін халық жадында ерекше қалдырған оқиға – Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесінің салынуымен байланысты хикаят. Кесене құрылысына қатысты ел аузында сақталған әпсанада былай делінеді: «Күндіз қаланып, көтерілген қабырғалар түнде құлап қала береді. Бір көк өгіз келіп, тас-талқан етіп кетеді екен». Бұл әпсана бір қарағанда жалаң қиялға ұқсас. Бірақ аңыз – өтірік емес, ол – тарихи шындықтың халық санасында бейнеленген көркем коды.

Түркістан – жай ғана қала емес, Ұлы Даланың рухани қазығы, түркі дүниесінің жүрегі. Қожа Ахмет Иассауиге дейін де бұл өңір қасиетті, киелі саналған. Ал, Иассауи сол киелілікті сопылық іліммен бекітіп, күллі түркі дүниесіне таратты. Әмір Темірдің бұл жерге ерекше мән беруі – діни ықылас қана емес, мемлекеттілік пен рухани заңдылықты қатар ұстаған саяси шешім еді.

Әмір Темірдің Түркістанға қайта-қайта келуі, анасы Сақыпжамалдың осы топырақта жерленуі, Иассауи рухына тағзым етуі – бәрі де бұл қаланың саяси ғана емес, рухани астанаға айналғанын білдіреді. Ал, Байшегір бабаның тарихи бейнесін ашуда ерекше орын алатын дерек – Қожа Ахмет Иассауи кесенесінің салынуына қатысты жоғарыдағы халықтық хикаят.

«Бабалар сөзі» жүзтомдығының 85-томында берілген бұл хикаятта Байшегірдің аян арқылы Әмір Темірге уәж айтуы баяндалады. Мұнда жас жігіттің рухани беделі мен батылдығы айқын көрінеді.

Жиырмаға енді іліккен жас жігіттің Ақсақ Темірдің алдында именбей сөйлеуі – кездейсоқ батылдық емес, рухани мәртебенің көрінісі еді.
– Ахмет Иассауи – Арыстан баптың шәкірті. Әуелі ұстазына кесене салынбай, шәкіртке қалай салынады? – дейді ол.

Бұл сөзде саясат та, қарсы шығу да жоқ. Бірақ бұл сөзде ақиқат бар. Рухани иерархия қалпына келтірілмей, қаланған тас та орнында тұрмайтынын білдіретін ақиқат. Әмір Темір осы уәжге тоқтап, алдымен Арыстан бап кесенесі салынды. Содан кейін ғана Иассауи кесенесі қайта қолға алынды. Содан кейін қабырғалар құламады.

Аңыздың астарындағы ақиқат: ғылыми түсіндіру

Осы тұста біз бір шындыққа көз жеткіземіз: аңыз – ойдан шығарылған өтірік, ақи- қат – әрдайым құрғақ дерек емес. Аңыз – халық санасының тарихи процесті түсіну тәсілі. Ал ақиқат – сол аңыздың өзегіндегі шын мән.

Байшегір баба туралы хикая – бір жағынан, сопылық дүниетанымның көрінісі, екінші жағынан, тарихи оқиғаның символдық баяны. Ғылыми зерде оны екі түрлі қырынан түсіндіреді.

Біріншісі – рухани түсіндірме. Көне түркі дүниетанымында киелі жерге құрылыс салу аруақ разылығынсыз мүмкін емес. Егер рухани иерархия бұзылса, ол халық санасында «түнгі құлату», «көрінбес күш» арқылы бейнеленеді. Көк өгіз – жердің, табиғаттың, аруақтың символы.

Екіншісі – тарихи-құрылыс қисыны. Кесене бірнеше кезеңмен салынған, іргетас шөккен, жоба өзгерген. Ал халық бұл күрделі инженерлік үдерісті өз тілімен, өз танымымен аңызға айналдырған.

Екі түсіндірме де бір ақиқатқа алып келеді: құрылыс тоқтауы – қателіктің белгісі. Кесененің салынуына қатысты ел аузында кең тараған әпсана хикаясының бұл сарыны кей нұсқаларда аруақтардың наразылығы, кейде жер киесінің разы болмауы, ал кейде құрылыс технологиясының реттік дұрыс сақталмауы ретінде баяндалады.

Осы әпсанаға қатысты ғылыми ортада екі ірі тұлғаның – Әлкей Марғұлан мен Михаил Массонның көзқарастары айрықша мәнге ие. Олар бұл сюжетті бірдей қабылдамайды, алайда екеуі де оны мағынасыз ертегі ретінде жоққа шығармайды.

Байшегір баба уәжінің тарихи негізі туралы

Қожа Ахмет Иассауи кесенесінің салынуына байланысты айтылатын әпсана – қазақ даласына ғана емес, күллі түркі әлеміне ортақ рухани жадының бір қатпары. Бұл аңыздың түйінді мазмұны – қабырғаның қайта-қайта құлауы және оны түсіндіру үшін халық қиялында жануар бейнесіндегі тылсым күштің пайда болуы.

Академик Әлкей Марғұлан еңбектерінде «көк өгіз» туралы сюжет тікелей, сөзбе-сөз келтірілмейді. Дегенмен, ғалым түркі халықтарының аңыздарындағы дәл осындай сарындарға жалпы теориялық түсіндірме береді. Марғұланның пайымдауынша: көне түркі дүниетанымында киелі кеңістікке (әулие жатқан жерге) құрылыс салу қатаң рухани тәртіпке бағынған; егер бұл тәртіп бұзылса, ол халық санасында «түнде көрінбес күштің құлатуы» түрінде бейнеленген; өгіз, түйе, жылқы сияқты зооморфтық бейнелер – табиғаттың, жердің, аруақтың символдық көрінісі. Осы тұрғыдан алғанда, көк өгіз – нақты жануар емес, жер мен аруақтың киесі. Ал қабырғаның түнде құ- лауы – құрылысшылардың немесе билеушінің рухани иерархияны сақтамағанын білдіретін белгі.

Марғұлан логикасы бойынша, әуелі Арыстан бап, содан кейін Қожа Ахмет Иассауи кесенесі салынуы тиіс деген түсінік – дәл осы сакралды тәртіптің көрінісі. Байшегір баба хикаясында айтылатын аян мен уәж осы көне рухани логиканы қалпына келтіретін сәт ретінде түсіндіріледі. Егер Марғұланша ойласақ, Иассауи кесенесі – түркі рухының тасқа айналған бейнесі болса, Байшегір баба – сол рухтың тілі. Ал тіл бар жерде, тарих бар.

Әлкей Марғұлан Иассауи ілімін «кітаби исламнан» бөле қарастырады. Ол Иассауидің сопылығы: «түркілік салт-дәстүрмен үйлескен; көшпелі дүниетанымға бейімделген; аруаққа тағзым, ата-баба рухын қастерлеу ұғымдарымен сабақтас» деп түсіндіреді.

Осы тұрғыда Иассауи кесенесі тек ғибадат орны емес, рухани сабақтастық кеңістігі, халық жадын сақтаушы «тірі ескерткіш» ретінде бағаланады.

Әлкей Марғұлан еңбектеріндегі Иассауи кесенесі туралы көзқарас Байшегір баба хикаясымен де терең үндеседі. Кесене салу тәртібі, рухани иерархияны сақтау, аруақ разылығын бірінші орынға қою – Марғұлан сипаттаған түркілік рухани логиканың нақты көрінісі.

Академик Михаил Массон – Иассауи кесенесін археологиялық және инженерлік тұрғыдан терең зерттеген ғалым. Ол өз еңбектерінде көк өгіз туралы әпсананы тарихи дерек ретінде қабылдамайды. Бірақ бұл сюжеттің қайдан шыққанын ғылыми тұрғыдан түсіндіреді. Массонның пайымдауынша, Иассауи кесенесі бірнеше құрылыс кезеңінен өткен, іргетастың шөгуі, топырақтың отыруы, жобаның өзгеруі салдарынан қабырғалар қайта бұзылып, қайта қаланған. Осындай техникалық қиындықтар халық санасында «түнде бір күш келіп құлатты» деген мифологиялық образға айналған. Өгіздің бейнесі де кездейсоқ емес. Орта Азия дәстүрінде өгіз – ауыр еңбек, жермен байланыс, құрылыс пен тіршіліктің символы. Сондықтан Массон үшін «көк өгіз» – инженерлік және табиғи факторлардың халықтық бейнеленуі.

Осы тұста Михаил Евгеньевич Массон берген қысқа, бірақ аса салмақты ғылыми ескертпе шешуші мәнге ие.

Массон 1936 жылғы «Мавзолей Ходжа Ахмеда Яссави» (Ташкент, 1936 ж.) еңбегінің кіріспесіне таяу тұста, арнайы дәлелдеусіз-ақ, бірақ ғылыми байыппен былай деп жазады: «В народных преданиях первоначальные неудачи строительства объяснялись вмешательством таинственной силы, нередко олицетворяемой в образе животного». Ал 21-беттің соңында: «Тимур начал постройку мавзолея. Но лишь только рабочие вывели стены, как явился в глухую полночь огромный зеленый бык и рогами раскидал все сделанное. Вновь стали возводить здание. Уже сложили арки и своды – и в одну ночь от всего осталась лишь груда развалин. Задумался Тимур. И явился ему во сне некий старец, который объявил волю Ходжа Ахмеда, чтобы сперва возвели мазар на могиле его первого руководителя Баб Арслана. Охотно выполнил это требование Тимур, и только после этого постройку туркестанского мавзолея удалось довести до благополучного конца», – деп жазады. Бұл бір-екі сөйлемдік ремарка сырттай қарағанда ұсақ деталь сияқты. Алайда дәл осы жерден аңыздың уақыты, ортасы және табиғаты айқын көрінеді. Массон бұл аңызды кейінгі дәуірдің қиялы емес, құрылыс барысымен замандас фольклорлық реакция ретінде қабылдайды. Демек, өгіз туралы сарын кейін қосылған әшекей емес, сол кезеңдегі халық санасының тірі куәлігі.

Әмір Темір «түсіне кірген ақсақалдың» алдымен Арыстан бапқа мазар салу жөніндегі ескертуі тарихи логиканы одан әрі тереңдете түседі. Бұл жерде аңыз өздігінен сөйлеп тұр: мәселе қабырғада емес, ретте, құрылыс технологиясында емес, рухани иерархияда екені аңғарылады. Массонның тағы бір іргелі тұжырымы осыны бекіте түседі: «Мавзолей Ходжа Ахмеда Яссави задуман как общегосударственный мемориальный комплекс, а не как частная усыпальница.» деген тұжырымы Иассауи кесенесінің мәнін түбегейлі ашады.

Бұл сөз – кесененің тек бір әулиеге арналған мазар емес, бүкіл бір өркениеттің рухани айнасы болғанын айғақтайды. Ал дәл осындай кеңістікте айтылған әрбір сөз, жасалған әрбір қадам – жеке адамның емес, халық тағдырының салмағын арқалайды. Егер Иассауи кесенесі жеке әулиенің ғана мазары болғанда, оның құрылысына араласқан адамдардың әрекеті де жеке ықылас, жеке сауап деңгейінде қалар еді. Бірақ ол – мемлекет пен халыққа ортақ мемориалдық кеңістік еді. Мұнда қаланған әрбір тас – тек қабырға емес, билік пен рухтың келісімі, өткен мен болашақтың уәдесі болатын. Байшегір баба осыны түйсінді. Массон айтқандай, Иассауи кесенесі – «жалпыұлттық мемориалдық кешен» болса, онда Байшегір баба сол кешеннің тәртіп сақшысы, рухани модераторы іспетті. Ол тас-қалаған жоқ, бірақ тасқа мағына сіңірді. Ол билік жүргізген жоқ, бірақ биліктің бағытын түзетті. Ол әмір етпеді, бірақ әмірдің ниетін тазартты.

Байшегір баба – жалпыұлттық мемориалдың көлеңкесінде қалған адам емес, сол мемориалдың ішкі тынысын сақтап қалған тұлға. Ол болмағанда, қабырға тұрса да, мағына кем болар еді. Ал мағына кемісе, мемориал – мемориал болмас еді.

Ол Әмір Темір алдында тұрған сәтте өзін бір рудың баласы, бір әкенің ұлы ретінде емес, осы мемориалдық кеңістіктің ішкі тәртібін білетін өкіл ретінде ұстады. Оның сөзі – жеке пікір емес, жалпыға ортақ рухани заңдылықтың үні еді. Осы тұрғыдан қарағанда, Байшегір бабаның тұлғасы өзгеше биіктен көрінеді. Егер кесене жеке әулиенің ғана мазары емес, жалпыұлттық мемориалдық кешен болса, онда оның салыну тәртібі де жеке ықыласқа емес, ортақ рухани заңдылыққа бағынуы тиіс. Ұстаз бен шәкірттің, бастау мен жалғастықтың ретін сақтау – мемориалдың мағынасын айқындайтын рухани өлшем.

Міне, осы тұста Байшегір бабаның уәжі тарихи сахнаға шығады. Ол айтқан сөз – кездейсоқ даналық емес, сол дәуірдің мемориалдық логикасына дәл келетін шешім. Байшегір баба Арыстан бап пен Ахмет Иассауи арасындағы рухани сабақтастықты еске салу арқылы, шын мәнінде, мемлекеттік деңгейдегі жалпыұлттық мемориал салуда сақталуға тиіс рухани ретті қайта орнықтырады. Дәл осы тұста Байшегір баба тарих сахнасына шығады. Бұл – қылыштың жүзімен қатар рухтың салмағы таразыға түскен уақыт. Дәл осындай кезеңде ел тағдырына ықпал еткен тұлғалар батыр ғана емес, көреген, би ғана емес, дін мен дәстүрдің парқын білетін кемеңгер болуы шарт болатын.

Ең маңызды назар аударарлық жайт – осы аңызға байланысты қазақ руларының ешқайсысы бүгінге дейін «бұл сөзді біздің атамыз айтқан», «бұл уәж пәлен рудан шыққан» деп талап қылған емес. Аңыз жеті ғасыр бойы айтылып келеді, бірақ оған иелік етуге ұмтылған ру жоқ. Бұл – оның қолдан жасалмағанының, рулық мүддеге қызмет етпегенінің айғағы. Ал Байшегір баба есімімен байланысты нұсқа – керісінше, нақты тұлғаға телінеді, нақты тарихи контекске сай келеді, Массон сипаттаған фольклорлық және тарихи белгілермен қабысады.

Сондықтан Байшегір бабаның Әмір Темірге айтқан уәжі – кейінгі дәуірде ойлап табылған көркемдік тәсіл емес, жалпыұлттық мемориал салыну үстіндегі тарихи ақиқаттың ауызша түрде сақталған формасы деп қабылдануға әбден лайық.

Егер аңыз – халықтың жүрегімен жазылған тарих, ал ғылым – сол тарихтың ақылмен тексерілген айғағы болса, онда Байшегір баба осы екеуінің тоғысқан тұсында тұрған тұлға.

Ол – аңызды ойлап тапқан адам емес, аңызға бағыт берген сана. Тас құлаған сәтте сөз айтылды, сөз айтылған соң тас тұрды. Ал мұндай сәттер тарихта сирек болады.

Екі ғалым тұжырымының түйіскен тұсына келетін болсақ, Марғұлан мен Массон әдісі әртүрлі болғанымен, олар бір ортақ нәтижеге келеді. Көк өгіз туралы әпсана – ойдан шығарылған бос ертегі емес; ол – нақты тарихи процестердің халық жадында көркем-символдық формаға түсуі.

Марғұлан бұл процесті рухани-сакралды қырынан түсіндірсе, Массон тарихи-құрылыс логикасымен негіздейді. Екеуінің де тұжырымы Байшегір баба туралы аңызбен табиғи түрде сабақтасады.

Байшегір баба хикаясындағы «Әуелі ұстаз – Арыстан бап, содан соң шәкірт – Ахмет Иассауи» деген уәж Марғұланша – рухани иерархияны қалпына келтіру болса, Массон- ша – құрылыс логикасын қайта дұрыс жолға қою. Демек, көк өгіз туралы әпсана мен Байшегір баба хикаясы – бірін-бірі жоққа шығармайтын, керісінше бір тарихи шындықты екі түрлі тілмен баяндайтын қабаттар.

Бұл ғылыми түсіндірме арқылы бір нәрсені айқын аңғарамыз. Иассауи кесенесінің құрылысына қатысты көк өгіз туралы әпса- на – тек қана миф, не тек қана тарихи факт емес. Ол – рухани тәртіп, бабаларымыздың құрылыс тәжірибесі және халықтық жад тоғысқан тұста пайда болған көркем код.
Байшегір баба Тоқтыбекұлы – аңыздағы әулие ғана емес, тарихтағы тірі тұлға. Ол – рухани тәртіпті қорғаған көреген, ханға қарсы шықпай-ақ ханды тура жолға салған би, аңыз бен ақиқаттың арасын жалғаған көпір. Оның есімі – құлаған қабырғаны қайта тұрғызған сөздің есімі, аруақ разылығын алдырған ақылдың есімі.

Бұл шығарма – Байшегір баба аңызы арқылы қазақ даласының бір ұлы ақиқатын айтудың талпынысы: тас та, тақ та, тарих тарухқа бағынады.

Аманжол ҚАЙЫРБАЙ,
заң ғылымдарының магистрі,
«ДАТ» кеңсесінің басшысы
Алматы қаласы

Қатысты жаңалықтар

Ақиқат пен аңызды тоғыстырған тұлға. Байшегір баба туралы толғау

Ақиқат пен аңызды тоғыстырған тұлға. Байшегір баба туралы толғау

04.04.2026
Шекара шебінен

Шекара шебінен

04.04.2026
Балық аулауға тыйым бар

Балық аулауға тыйым бар

04.04.2026
Отбасы – қауіпсіздік бастауы

Отбасы – қауіпсіздік бастауы

04.04.2026
Заманауи тәрбиеші қандай болуы керек?

Заманауи тәрбиеші қандай болуы керек?

04.04.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.