Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматы қаласындағы әл-Фараби даңғылында болған жол-көлік оқиғасына байланысты кезекті рет пікір білдірді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Министр әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған мәліметке сәйкес, аталған оқиғаға байланысты тергеу амалдары Мемлекет басшысының 2026 жылғы 30 наурызда өткен Қауіпсіздік кеңесі отырысында берген тапсырмасына сай жүргізіліп жатыр. Негізгі мақсат – апаттың барлық мән-жайын жан-жақты әрі әділ анықтап, кінәлі тұлғалардың жауапкершіліктен жалтаруына жол бермеу.
Ресми дерекке сүйенсек, жол апаты бойынша қылмыстық іс тіркелген. ZEEKR көлігінің жүргізушісі сот санкциясымен қамауға алынған. Алдын ала мәлімет бойынша, ол көлікті мас күйінде басқарған.
Сонымен қатар бұрынғы полиция қызметкерінің әрекетсіздігіне және мемлекеттік тіркеу нөмірлерінің заңсыз берілуіне қатысты да жеке қылмыстық істер қозғалды. Бұл бағыттағы тексеруді ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаменті жүзеге асырып жатыр. Қоғамда тараған ақпараттардың барлығы да қосымша сараптамадан өтуде.
Оқиғаның объективті бағасын беру мақсатында Алматы қаласына ІІМ арнайы комиссиясы жіберілген. Оның құрамына Өзіндік қауіпсіздік департаменті, Әкімшілік полиция комитеті және Жеке құраммен жұмыс жөніндегі департамент өкілдері кірген.
Тексеру нәтижесінде қызметтік міндетін тиісінше атқармағаны үшін Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының жетекшілері лауазымдарынан босатылды.
Қазіргі уақытта құқықтық тәртіпті күшейту бағытында қосымша шаралар қолға алынған. Қалаға өзге өңірлерден полиция күштері тартылып, кең ауқымды тексеру және рейдтік жұмыстар жүргізілуде. Алғашқы күндердің өзінде 4,8 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталған. Олардың қатарында мас күйінде көлік жүргізу, қарсы бағытқа шығу, жалған нөмір пайдалану және жүргізу құқығынсыз рульге отыру фактілері бар. Сонымен бірге 2 мыңнан астам автокөлік айыппұл тұрағына жеткізілген.
Осындай күшейтілген бақылау шаралары республика көлемінде де іске асырылып жатыр.
Министрдің айтуынша, тергеу барысы оның жеке бақылауында. Ол барлық кінәлі тұлғалар заң аясында жауапқа тартылатынын атап өтті.
– Ешкім де лауазымына, мәртебесіне немесе жеке байланыстарына қарамастан жауапкершіліктен құтыла алмайды. Заң алдында барлығы тең», – деді Ержан Сәденов.





