Жетісу облысында Балқаш көлінің жағалауында орналасқан жер телімдері инвесторлар үшін ашық аукционға қойылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Аталған қадам көл жағасындағы туризмді дамытуға бағытталған нақты шаралардың бірі. Жағалауда заманауи демалыс орындарын салу арқылы өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру көзделген.
Бұған дейін Балқаш жағалауының Бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленіп, қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Талдықорған қаласынан Балқашқа дейінгі жолға асфальт төселіп, сумен жабдықтау, электр желілері және кәріз жүйелері тартылды. Қазіргі уақытта жергілікті билік заманауи демалыс аймақтарын салатын кәсіпкерлерді тарту жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр.
Сарқан ауданының әкімі Ғалымжан Маманбаевтың айтуынша, аукционға 12-24 және 36 сотық жер телімдері шығарылған. Көлемі әртүрлі жер телімдері кез келген ауқымдағы жобаларды – шағын қонақ үйлерден бастап ірі рекреациялық кешендерге дейін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ 2 гектардан асатын алқаптар ірі инвесторларға Өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен берілетін болады. Қосымша ақпарат алу үшін Сарқан ауданының әкімдігіне немесе 8 (72839) 22-99-2 байланыс нөміріне хабарласуға болады.
Балқаш көліндегі шомылу маусымы 1 маусым мен 1 қыркүйек аралығында жалғасады. Жағалау аймағы жағажай демалысы, су спорт түрлері және балық аулау үшін өте қолайлы. Қазіргі уақытта бір маусымда келетін туристер саны 50 мың адамды құраса, болашақта бұл көрсеткішті 500 мың адамға дейін ұлғайту мүмкіндігі бар. Инвестиция тарту арқылы жағалаудың сервистік сапасы жақсарып, халықаралық стандарттарға сай келеді.
Жетісу өңіріндегі туризмнің дамуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті бюджеттің толығуына оң әсер етеді.





