Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі» десе, әйгілі қаламгер Ғабиден Мұстафин: «Тіл қаруы – сөз, сөз қаруы – ой. Ақылды ой, алғыр сөз – адамның ең жоғары қасиеті», – деп түйіндейді. Бүгінде елде қазақ тілінің кәусарымен сусындап, тіл семсері сөз бен орамды ойды өзіне серік еткен ізгі жүректі өзге ұлт ұрпақтары өсіп жетіліп келеді. Мамандардың сөзінше, бүгінде олардың мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қолданыс аясын кеңейтуге қосып отырған үлесі зор.
Жер жәннаты Жетісудың бас қаласы Талдықорғандағы 5514 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімі басшысының мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі аға көмекшісі Александр Сон ұлы дала ұландарымен тілейтін тілегім де, соғатын жүрегім де бір деп кеуде қағып мақтанатын жандардың бірі. Себебі, оның маңындағы өзге ұлт өкілдерінен құрам тапқан сардарлар мен сарбаздарға дейін мемлекеттік тілді еркін меңгерген. Тіл – барша адам баласын бір-бірімен байланыстыратын басты құрал. Кәріс жігітінің бойына қаймағы бұзылмай қалыптасқан ұлтымыздың ұлы құндылықтары бірліктің берік босағасына айналған биылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында бізді арнайы сыр сұхбатқа шақырды.
– Александр, жалпы, сіздің қазақ тілін соншалықты жақсы меңгеруіңізге қандай ой, қандай күш түрткі болды?
– Мен үшін бір шеті Атырау мен Алтайдың арасын жалғап, бір сілемі Алатау мен Арқадан ары асып жатқан ұлан-ғайыр қазақ даласы қашанда киелі. Ұшса қыранның қанаты, шапса тұлпардың тұяғы талатын осынау өлке қаншалықты кең болса, жер иесі қазақтың пейілі де соншалықты дархан. Олай дейтінім, кезінде тағдырдың тәлкегіне ұшырап жер аударылып келген қаншама ұлт пен ұлыс осы даладан пана тауып, жан жылуына бөленді. Солардың арасында менің ата-әжелерім де бар, әрине. Бүгінде сол ұлт пен ұлыстың ұрпақтары бейбітшілікте өз тірлігін дөңгелетіп, өсіп-өркендеуде. Сондай әулеттің бірінен тарап, нағыз қазақ халқының мейіріне қанып, мәпелеуде өскен жандардың бірі менмін. Мен 1999 жылы киелі Жетісу жеріндегі әйгілі әулиелер мекені саналатын Қаратал ауданына қарасты Кәлпе ауылында өмірге келдім. Ауылымызда бөлектеу деген ұғым мүлде болмады. Қазақ халқымен бір туғандай етене өстік. Мектепте де қазақ тілінде білім алдым. Күндіз күміс, түнде алтын саналатын қасиетті Қартал өзенінің жағасына кіндік қаным тамып, ауасымен тыныстап жүріп қазақтай қайырымды ұлттың тілін білмеу – білгенге намыс қой. Өйткені, Ата заңда Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі екені анық жазылған. Сондықтан тілге құрмет – елге құрмет. Бағалай білу – қай ұлттың өкілі болса да ел азаматтарының басты парызы деп білемін.
– Қазақ тілін меңгеру сізге қиынға соққан жоқ па, басқалар қалай үйренгені абзал?
– Маған еш қиын бола қойған жоқ. Өйткені, ауылдағы арқа-жарқа ағайынның арасында өстім. Оның үстіне жастайымыздан жанұямыздағы тәрбиеде ата-анамыз қарындасым екеумізге үнемі қазақ тілін беріле үйреніп, қазақтың салт-дәстүр, мәдениетін құрметтеуді жиі есімізге салып отырды. Сонымен бірге, өскен ортамыздың да ықпалы, тәлім-тәрбие берген ұстаздарымыздың да ізгі ілтипаты мен қолдауы ерекше болды маған. Мектеп табалдырығын аттағанымнан мұғалімім Эльмира Арынбаева аймақта ұйымдастырылған мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған түрлі байқауларға қатысуға дайындап, көп еңбектенді. Ол кісінің үкілеген үмітіне сай мен де жүлделі орындардан көрініп жүрдім. Оның өзі өнерімді үстем етіп, болашағыма тағы бір тың жол ашқандай болды. Мектепті ойдағыдай бітірген соң тағы да сол өзім армандағандай Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетіне түсіп, «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша білім алдым. Кейін азаматтық борышымды өтеуге әскерге барып, жалғасты сол салада еңбек етуге бекіндім. «Ат айналып қазығын табады» дегендей, бүгінде 5514 әскери бөлімінде қызметшілерге мемлекеттік тілді үйретіп, оны әрі қарай жетілдіруге көмек көрсетіп келемін. Қазір бөлімде өзге ұлт өкілінен 70 әскери қызметші бар. Олардың 43-і мемлекеттік тілді еркін меңгеріп алды. Қалғандары үйрену үстінде. Бастысы қазақ тілін үйренем деген әр азаматтың өзінде ынта мен берік сенім болса болғаны. Әрі қарай Абай атам айтқандай «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап».
– Қалай ойлайсыз, қазіргі мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге бағытталған шаралар көңіл көншіте ме, қазақ тілінің көкжиегі қайтсе кеңейеді?
Жалпы осыған дейін еш нәрсе істелмеді деуге келмейді, біраз жұмыстар тындырылды. Нақты деректерге жүгінсек, жыл санап мектеп, балабақшаларда мемлекеттік тілдің үлесі артқан. Дей тұрғанмен оған масаттанудың маңызы шамалы. Себебі, еліміз тәуелсіздік алғалы отыз жылдан астам уақыт өтсе де, қазірге мемлекет құраушы ұлттың тіліне деген сұраныс толық қалыптаса қойған жоқ. Әлі күнге кейбір азаматтарымыз, тіпті, көпке үлгі боларлық лауазым иелері сол баяғы ескі әдеттен арыла алмай жұмыс орындарында, отбасында өзге тілде шүйіркелесе кетеді. Бұл мемлекеттік тілді менсінбеушілік пе, әлде өзгеге жалтақтау ма, түсінбейсің. Ал, Қазақстандағы әрбір этностың өз дәстүрін, мәдениеті мен тілін дамытуға мүмкіндік берілген. Олар осы елдің азаматы болғаны үшін қазақтың тілін білу міндеті. Сондықтан алдымен жұрт болып жұмылып, қатып қалған ескі қағидадан арылып, әрбір мекеме орындарынан тартып жеке кәсіп орындарына, әр азаматқа дейін еліміздің Тіл туралы заңына құрметпен қарап, оның орындалуын қадағалауы тиіс. Сонымен бірге, бала тәрбиесіне баса мән беріп, ұрпақты ұядан баулып, білім ошақтарында ұлт құндылықтарымен кеңінен сусындату ауадай қажет. Өйткені, мемлекеттік тіл халықтың қазынасы, елдің ертеңі, тәуелсіздіктің тірегі.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Айдын КӘЛІМХАН





