Қазақстанда әскери дайындық пәні бойынша оқу кабинеттерінің бірқатары жаңартуды қажет етеді. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова Мәжілісте мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Вице-министрдің айтуынша, бірқатар мектепте пән кабинеттерінің материалдық-техникалық базасы ескірген.
– Әскери дайындық кабинеттерін жаңарту үшін жергілікті атқарушы органдар тарапынан қаржыландыру қажет. Бұл жұмыстар жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады, – деді ол.
Оның сөзінше, осыған байланысты жабдықтау нормаларын қайта қарау мәселесі де пысықталып жатыр.
– Қажет болған жағдайда қолданыстағы нормативтерге өзгерістер енгізу қарастырылады, – деді вице-министр.
Сонымен қатар бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде.
– Қазіргі таңда әскери дайындық кабинеттерінің 75%-ы қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, – деді Шынар Ақпарова.





